2 157
Подписчики
+124 часа
-27 дней
-1130 день
Архив постов
2 157
Қалаға қарап әкемнің кейде
Тынысы қатты
тарылар.
Әйтпесе бәрі жетерлік үйде,
Ауа да, ас та,
Бәрі бар.
Бұлқынып кейде
Бөлмеге сыймай,
Көршіні кезіп кетеді.
Күңкілдеп қоям:
– Тыныш отырмай…
Тыныш отырса нетеді.
– Қала емес, құрғыр,
Қамау ғой мынау,
Көршіге көрші кірмейді.
Қазақтығыңа алаңдаймын-ау!.. –
Күйініп, көгі кірлейді.
«Өмір ме, мынау?!»
«Өмір ме, мынау?!»
Ғұмырды аңсайды ол ажарлы!
Көңілде қырау,
Көзінде сұрау –
Тұғырды аңсайды ол базарлы.
Келмеске кетті,
Кезеңнен өтті –
Желілеп бие байлаған.
Күндері қайда,
Жусатып ойға,
Мыңғыртып мың қой айдаған?!
«Өмір ме, мынау…
Өмір ме, мынау…
Ылай су ішіп, ыс жұтқан?!»
Таба алмай құрбы,
Аша алмай сырды,
Күрмеліп іштей, қыстыққан.
Жайлауды, белді,
Қырқаны зерлі
Кезіп бір кетер қиялы.
Налыма, налы,
Даланың шалы
Қалаға қайтіп сияды?!
Көргендей дәйім
Қаладан уайым,
Даланы аңсаймын мен дағы.
Жұпарын жұтсам,
Жотама шықсам –
Басыма бақыт қонғаны.
… Қанымды қала
Қарайтқан шақта,
Келеді сол бір көмескі ой.
«Өмір ме, мынау?!»
«Өмір ме, мынау?!»
Өмір ме?..
– Өмір емес қой!!!
// Асанқадыр Исабек - Әкемнің пәлсапасы
t.me/adebiett
2 157
Мен анамның мейірімін сағындым,
Ертелі-кеш еркелетіп қоятын.
Жақсы күйге бөлеп ылғи жанымды,
Мені көрсе ішпей-жемей тоятын.
Жан анамның махаббатын аңсадым,
Көкірегіме сәуле құйып тұратын.
Мені көрсе ұмытатын шаршауын,
Дүниеден тапқандай-ақ мұратын.
Мен жоқ болсам, жұмысымнан кешіксем.
Есік бағып отыратын көзі оның.
Құдайына құлдық етіп ескіше.
Өзі күтті елімнің де кезегін.
Қызық қуып оралмасам үйге мен,
Ұзақ таңға ол кірпігін ілмейтін.
Мен келгенде маңдайымнан сүйгенмен,
Тек осы бір жүрісімді сүймейтін.
Кетті, кетті сол махаббат алыстап,
Көз алдыма қалдырды да нұр кейпін.
Жақсылықтың бәрін маған бағыштап,
Жамандықты өз басына тілейтін.
О, достарым, ақ анамды сағындым,
Сөкпеңдерші жансың ғой деп жылауық.
Баяғыдай күйге бөлеп жанымды
Келіп-кетіп тұрсаңдаршы бір ауық!
// Тұманбай Молдағалиев
t.me/adebiett
2 157
...Өкінішті!
Мынау дүлей ғасырдың беті күшті.
Әділдіктің кісендеп аяқ-қолын
Төбесіне көтерген өтірікті!..
Өкінішті!..
Жеркенішті...
Танымайтын топастар оң-терісті,
Талапайға түсіріп, тоз-тоз қылып
Түгесуге айналды жер – кенішті,
Жеркенішті!
Жаратқан-ай!..
Жалмауызға күнімді қаратқан-ай!..
Барыңды алған, бойдағы нәріңді алған
Басқа шықты қансорғыш балақтағы-ай!..
...Жаратқан-ай!
Кім кінәлі ?!.
...Түн өткен соң күмәнсіз Күн шығары!
Сергелдеңге салғандар сендердің де -
Бастарыңа туады бұл күн әлі !..
...Кім кінәлі?!
// Тұрмағанбет Кенжебаев
2 157
Өмірлік бағыт бергеніне,
Тура жол тауып бергеніне,
Болашақ ізбасарым деп,
Ұлым деп анық сенгеніне,
Әкеге қарыздармыз.
Өмірге алып келгеніне,
Күш-қуат, жарық бергеніне,
Осылар жетсінші деп,
Қызықтан қалып келгеніне,
Анаға борыштармыз.
Қиналсаң бөліп бергеніне,
Құдайдай сеніп келгеніне,
Тілімен демеу көрсетіп,
Жел сөзге елікпегеніне,
Туысқа берешекпіз.
Бойыңа қуат бергеніне,
Жаныңа шуақ бергеніне,
Қапысыз қолдағаны үшін
Өмірде сынақ көргеніңде,
Жұбайға міндеттіміз.
Санаңа сенім бергеніне,
Еңбектен ерінбегеніне,
Ақылды санамен ұғып,
Ісінің жөнін көргеніңде,
Балаңа разысың.
// Тұмартай Дінтайұлы - Борыш
t.me/adebiett
2 157
Қабан жырау жол жүріп келе жатып қараша үйге кездеседі. Ат шалдырып, белін жазбақ болады. Үйден ешкім шыға қоймаған соң жырау ат үстінде тұрып мынаны айтады:
Бұл үйде шықсын бері, кісі бар ма?
Басқа – ақылшы, қазанда пісі бар ма?
Не құда, не жекжаты болмаған соң,
Кісінің кісіменен ісі бар ма?
Түссе, үйдің жағдайы жоқ екен. Қалмақ шапқынында жұтқа ұшыраса керек. Содан хабардар болған ақын қабырғасы қайысып отырып:
Бұл үйде кісі де бар, ісі де бар,
Сырты болған соң нәрсенің іші де бар.
Жоқшылыққа арланба, жүзіңді бер,
Жүзін берген кісінің күші де бар,– дейді.
// Қабан (Қабылиса) жырау Асанұлы
t.me/adebiett
2 157
Жанды тербеп жақсылықтың сый-үні,
Мойындайды мұны жұрттың дүйімі.
Адамзатқа әлімсақтан құдірет,
Ана деген – ұлылықтың биігі.
Ақиқатты қоя алмайды бүгіп ар,
Арқамызда аманаттың жүгі бар.
Мына әлемнен мейірімді іздесең,
Ол – ананың жүрегінде.
Ұғып ал.
Тілгілесе жанымды егер өткір мұң,
Көз жасымды жаулығымен кептірдім.
Ау, адамзат, адалдықты іздесең,
Ол – өзіңнің асыл анаң деп білгін.
Қашаннан-ақ қасиеттің мысалы,
Бауырына бар адамды қысады.
Кеңшіліктің баламасн іздесең,
Ол – ананың құшағы.
Жаныңызды шайған кезде сан ағын,
Серпіледі сартап болған сана мың.
Бұл дүниеде ең тәтті не, білдің бе?
Ол ақ сүті – ананың.
Мейірімсіз мына тірлік солады, ә...
Көңіліңіз осы айтқанға тола ма?
Жер бетіне шуақ шашқан күндейін,
Кешірімді жанды таны.
Ол – ана.
Жанды тербеп жақсылықтың сый-үні,
Мойындайды мұны жұрттың дүйімі.
Адамзатқа әлімсақтан құдірет,
Ана деген – ұлылықтың биігі!..
// Алма Түсіпбекова - Бұл дүниеде ең тәтті не, білдің бе?
2 157
Қазақ едім дегенше, құсалықпын десеңші,
Тұзағына талайдың тұсалыппын десеңші.
Сәкен, Ілияс, Бейімбет – үш арысты бір түнде,
Арамыздан ап кеткен «Үш әріппін» десеңші.
Қазақ едім дегенше, бастық едім десеңші,
Самара асқан составпен астық едім десеңші.
Өзіме өзім, дүние-ай, қас қып едім десеңші,
Қырып салған халқымды аштық едім десеңші.
Қазақ едім дегенше, нар едім ғой десеңші,
Бақ дәулетті шашуға бар едім ғой десеңші.
«Кемелденген кездерде» елу миллион болып,
Құла түзде мыңғырған мал едім ғой десеңші.
Қазақ едім дегенше, дарын едім десеңші,
Әуелетіп «Айдайға» салып едім десеңші.
Бойдан қуат кеткенде, ұл қызыммен қоштасып,
Қарттар үйі алдында қалып едім десеңші…
Қазақ едім дегенше, өліп едім десеңші,
Басындағы әркімнің бөрігі едім десеңші.
Шәкәрімдей шыңырау тектілерді шыңғыртып,
Алпыс жылдай архивке көміп едім десеңші.
Қазақ едім дегенше, бөлтірік ем десеңші,
Талай дарын дүниеге келтіріп ем десеңші.
Мың жылда бір туатын Мұқағали секілді,
Алыбымды «абайсыз» өлтіріп ем десеңші.
Қазақ едім дегенше, нағыз едім десеңші,
Шаш-етектен талайға қарыз едім десеңші.
Қолым «қышып» кеткенде, ер азамат үстінен,
Астанаға жазылған арыз едім десеңші.
Қазақ едім дегенше, дінсіз едім десеңші,
Қазақ едім дегенше, құнсыз едім десеңші.
Өзбегіңе мал сатып, шашлығын сыраға,
Қосып жеген дүние ай, мұңсыз едім десеңші.
Қазақ едім дегенше…
// Табылды Досымов – Қазақ едім дегенше
Қазақ әдебиеті
2 157
Ей, жігіт,
Неге сонша жабығасың,
Түсті ме иығыңа тағыда сын?
Бәрі өткінші, бәрі де өзгереді,
Кім бар дейсің өмірде бағы басым?!
Болаттай бол, қайтесің, болған іске,
Ақиқат не, кім айтар,
алданыш не?
Уайымға алдырма жүрегіңді,
Қайғы жеңер адамды қалған іште.
Мынау тірлік кімдерге опа болған,
Қандай күндер пендені тосады алдан?!
Бірде қонып, бақ құсы, бірде ұшады,
Жалынан сипатпайды асау арман...
Аман жүрсең әлі сан жығыласың,
Тіршілікте тағдырдың жүгі басым.
Төрт тараптан көргем жоқ бір пендені,
Түгендеген төрт бірдей құбыласын!
Жылаған кім,
шаттанып күлгендер кім?
Мұңға бөлеп біреуді,
бірді емдермін...
Тірлігіне үңілсең шошыр едің,
Азуын айға білеп жүргендердің.
Аязына ақпанның тоңар қу жан,
Қар жауған соң аңшыға сонар туған.
Түлкі тірлік тұрмай ма әлімсақтан,
Іздеу,
табу,
әрине, жоғалтудан.
Сәттерде ұялаған төзімге мұң,
Табамын өлеңімнен сезім көзін.
Айтқансып әлдекімге ақыл-кеңес,
Алдарқатып қоямын өзімді-өзім!!!
// Қуат Қайранбаев - Басу айту
2 157
Сұлу әйел ер жігіттің орындалған арманы,
Тең құрбының арасында асып тұрар «аруағы»,
Сұлулықты дәріптемес адам бар ма жаһанда,
Сол шіркіннің бар-ау, бірақ, бел талдырар салмағы.
Көркіне сай - ақыл болса, жарты ырыс
қой, жарыңда,
Сені сыйлап, хан көтеріп, қарқ қылар қара ұлға,
Және өзінді сүйіп тисе – сол құдайдың бергені,
Бүтін бақыт деген осы – басқа қонған ердегі.
Сонда сен де қадірлісің – қарындасқа, бауырға,
Ата-ананың мақтанысың, аяулысың ауылға,
Нар жігітсің – жаны жайсаң, рухани күш сенде!
Қара еменсің қайыспайтын долы - дүлей дауылға.
Бір ғана шарт - жүрек таза, арың болса бойыңда,
Ойшыл болсаң, әуес емес – арзан күлкі, ойынға,
Ақ жүрегің аңқылдаған ел деп соқса болғаны,
Халқың сені қадірлесе – бақыт деген сол дағы.
Сұлу әйел арсыз болса - ер жігіттің соры да,
«Ақ кептер боп түсе берер «аңшы» құрған торына»,
Сылқымдарға, жылпыңдарға, пысықтарға күлкі боп,
Пасықтарға таба болып - жары жүрер торыға.
Алған жарың – менмен болса, жан менсінбес тәкәппар,
Маңайламас дос үйіңе, туған туыс қашқақтар,
Анаңыз да бата алмас, көрсетуге жөн-жоба,
Қажет оған ерттеп мінген, көк есегі – сен ғана!
Жарың сенің – жарты жаның, жарты жүрек, жарты арың,
Жарты қайғың, жарты азабы – бұл өмірден тартатын
Сұлулардан ай дидарлы, жар сүйем деп ақ маңдай –
Іздей, іздей, сондай қызды - жақсы жігіт шаршадың.
Сүйген жарың кім болса да, тек өзіңе тең болсын,
Сені сүйсін, ақылы бар – жаны жайсаң, кең болсын,
Сөз ұқпаса, түсінбесе аналардың ақ жолын -
Қаш пәледен, құтыл жылдам – алған беті
«жөн болсын».
Міншіл болса, күншіл болса, шамшыл болса әйелің,
Кім болсаң да оңбағаның - болмағаны
дәйегің,
Таңдағаның тасыр болса, тәлімі жоқ жан
болса,
Мақтап сені, ақтап сені, құрметтесін,
қай елің!
Қарап тұрып қызығамыз қосақтарға жарасқан,
Кінәміз жоқ кей жандарға – түсініспей тарасқан,
Бақыт деген – екі көздей, екі адамның теңдігі,
Бірі қара, бірі ала болса егер – кемдігі.
Жиырма бесте қателеспей жар таңдайтын кезің бұл,
Іздегенің сұлу қыз ба, жақсы жігіт – өзің біл,
Көрген-білген, ойға түйген сырларымды ақтардым,
Айып етпе, ағалықпен айтып қойған
сөзім бір.
// Болатхан Боранбаев - Сұлу әйел ер жігіттің арманы... (1984)
2 157
Біздің қазақ әркімді қылар мазақ,
Деп жүр ме екен «өзімнің бойым таза-ақ».
Осы жұрттың, байқаңыз, беті қалай,
Қайда қаңғып барады осы қазақ?
Ауыз дәмін кіргізер дәмі бар ма,
Маған десе, бұл елдің бәрі бар ма?
Қалай кетіп барамыз деп ойлаған
Есті жас пен ескерген кәрі бар ма?
Қай қазақ ойдан орып, қырдан қырды,
Білмейді деп жүр ме екен ішкі сырды.
Қазақтың қайратының түбі мәлім,
Алты бақан ала ауыз иттей үрді.
Бұл қазақ уәдеде қашан тұрды,
Алдауменен күн өтіп құдай ұрды.
Бірін-бірі құтырған итше қауып,
Өңкей төбет шуылдап ұлып жүрді.
Бетін байқап қарасаң бұл қазақтың,
Соқпағына түсті ғой дәл дозақтың.
Ақыл айтсаң, алады бір жеріңнен,
Белгісіз есі шыққан сандалақтың.
Күн сайын қағынады тыныш жүрмей,
Бір мезгіл тыныштықпен ғұмыр сүрмей.
Арамды арам демейді, құдайды бір,
Кім кіреді дозаққа бұлар кірмей?
Бар жұмысы – алдау мен ұрлық, пара,
Бірін арам демейді бұл бейшара.
Залымдарды кәпірмен қосып айтқан,
Нанбасаңыз, Құраннан оқып қара.
Арамды адал десе, кім болады?
Қазақтың сөзі қашан шын болады?
Алдау үшін қаруы – Құдай аты,
Япыр-ау, осы қайтіп дін болады?
Байдың асын сұм менен залым жейді,
Ұрысы ұрлап момынның малын жейді.
Бірінен-бірі аяйтын жақсылардың
Малы түгіл арының бәрін жейді.
Мықты байлар, бек жақсы осыны қыл,
Арды тастап, қу менен сұмға тығыл,
Ел зарлатып зорлықпен мал жиып ең,
«Арам жемтік – азығы иттің» деп біл.
Маған көнбе, қуға көн, солар жесін,
Тапқаныңды соған бер, тойдым десін.
Толтыра алмай түпсізге күнде құйып,
Таусылғанда береді неменесін?
Бермей қойсаң, ана бай және дайын,
Араны ашық ол иттің жұтқан сайын.
Арды білмей, арсызға құлдық ұрып,
Есін алып қойған ба бір құдайым.
Соңғы байдың төбеті бұлай болар,
Үйір қылып алған соң көңлі тынар.
Ырылдатып төбетті қайта жауып,
Өз қылғанын өзіне бұ да қылар.
Ар қайда, ақыл қайда, намыс қайда,
Өңкей итке жалындың, табыс қайда?
Ана байға ит кетсе – күнің қараң,
Онда қашып тығылар қамыс қайда?
Тек отырмай, атыңды алысқа айда,
Партия жағаласқан жарысқа айда.
Жердің жүзін жеңіп ал жанды салып,
Дос қайда, құда қайда, таныс қайда?
Бәрін жи, бәрін шақыр, бәріне бер,
Қалмасын бірі өкпелеп, жалпылдай көр.
Итше еркелеп қу менен сұмға жалын,
Сол отырсын, өзіңе тимейді төр.
Ант ішіп, алдамасқа жаныңды бер,
Жалаңаш, жалмауызға малыңды бер.
Жауды жеңіп аласың, жанды аяма,
Жүзің түгіл, іркілмей саныңды бер.
Бермей елден айрылсаң құр қаласың,
Итті көп жи, ел саған жорғаласын.
Қу мен сұмды құдай қыл күнің үшін,
Әзір «құдай» дегенді не қыласың?
Япырым-ау, бұл не деген наданшылық,
Осынша жайылар ма жаманшылық.
Есі шығып елірген бәрі де мас,
Ар қайда, ақыл қайда, адамшылық?
Қазақтың бәрі бірдей құтырған ба,
Іс қылмақ артын ойлап мұтылған ба?
Алланың кәрі тиіп адасты ма,
Кеткені мұнша кіріп шытырманға?
Адал десе тік тұрар төбе шашы,
Жиған малы – бәрі арам, ішкен асы.
Қылып жүрген ісі – анау, күші – мынау,
Мұсылманға ұқсайды қай арасы?
«Қайтелік, заман солай» деген болып,
Алдаумен бірін-бірі жеген болып,
«Менен емес, анадан» деп суылдап,
Тап-таза, бәрі бірдей неген болып.
Онымен мені алдай ма, кімді алдайды,
Жалған сөзін Құдайым тіпті алмайды.
Тәңрінің таразысы тартады әділ,
Азап көрмей айламен сау қалмайды.
Өтірікке найзадан өткір қазақ,
Өз қылығың басыңа жеткір қазақ.
Қоқиланар «Құдайдың құлымыз» деп,
Пайғамбардан садаға кеткір қазақ.
Сен мұны айтқаныңмен не табасың,
Алса алады өз арын, өз бағасын.
«Елің қайда барады, көш жөнде» – деп,
Оятқаным дейсің ғой жұрт ағасын.
Өзің кімсің, біреуге сын тағасың,
Айтқаныңмен оларға қай жағасың.
Қайраттан да, қамдан да босатып ал,
Сонда тура шындыққа жол табасың.
Бұл елдің күн көргені – өтірік ант,
Қазаққа алдау деген болды ғой салт
Не түзеліп, не бұзыл, ылажым жоқ,
Қақсап, зарлап, айтты да өтті ғой қарт.
// Шәкәрім Құдайбердіұлы - Партия адамдары
2 157
Бәріміз де мұңаямыз мүжіліп,
Зор болсақ та кейде бордай үгіліп.
Шетімізден күйрей берсек не болмақ
Кете берсек бұл өмірден түңіліп?!
Кінәлаймыз бірімізді біріміз
Жұлмалаймыз қанатындай қыбымыз.
Бытырлатып үземіз кеп аямай
Жанымыздың нәзік жалғас жібін біз.
Неге сонша жауласамыз жат болып
Бір емес пе бәріміздің түбіміз?!
Өкпелейміз өзімізден өзгеге,
Міндетсиміз бірер ауыз сөзге де.
Алтын үшін алысқанда табарың
Ақыреттік алты құлаш кездеме.
Соның бәрін біле тұра дүние-ай
Таласамыз біреу таққан жезге де!
Неге біздер мұңаямыз мүжіліп,
Адамнан да, заманнан да түңіліп.
Ми қата боп неғыламыз мәңгілік
Ой жетпейтін тұңғиыққа үңіліп.
Төбемізден күле қарап тұрғанда
Кәрі күшті, рахымы мол ұлылық!!!
// Баянғали Әлімжанов
2 157
Сұлусың, әлі жап-жас өрімдейсің,
«Періштеңмін» деп маған көрінбейсің.
Жанымды тебірентіп жылы сөзбен,
Емдеуге жүрегімді ерінбейсің.
Расында, періштенің өзіндейсің,
Мөп-мөлдір, тұнып тұрған сезімдейсің.
Мендегі саған деген махаббаттың
Жылуын, неге, жаным, сезінбейсің?
Сен маған сырттай ғана құмартасың,
Алыстан тау секілді мұнартасың.
Тілейсің жаратқаннан тілеуімді,
Сүйдің деп маған қандай кінә артасың?
Бейнеңді көз алдыма елестетем,
Періште бар ма, әлде елес пе екен?..
Көрінбей сүйген жанға,
сағындырып,
Азапқа салу күнә емес пе екен?!
// Нұртас Исабаев
2 157
Бала емізіп отыр ана, ойын бөлмей басқа түк,
Бұл минуттан басқалардың көксегені бос бақыт.
Бала емізіп отыр ана, бір өмірді алға алып,
Мейірімі күн нұрындай махаббатқа жалғанып!
Қайран дүние-ай, қайтіп айтам аналардың сол шағын,
Ақ мамасын қорғап жатқан нәрестенің саусағын.
Қайтіп айтам шымырлаған тұла бойды теңіздей,
Айту айып, ана болып бір өмірді емізбей!
Көздерінен шуақ отын жарқыратып, маздатып,
Бұл шағынан анаға түк керек болмай тәж-бақыт.
Бәрінен де ерек болып, еш дүниеден жасқанбай,
Баласын ол емізеді, жерді емізген аспандай!
Тұла бойы тұрса ананың тамыры иіп, нөсерлеп,
Тебе ме, деп әттең дүние-ай, шошынамын «есер» кеп.
Ана көкірек жаңбыр болып тұрса бір сәт сіркіреп,
Қорқытпаса екен деймін, аспан асты күркіреп!
Басына ұстап шексіз-шетсіз бақыт деген шатырын,
Бала емізіп отыр ана, ақырын жүр, ақырын.
Еміп жатқан күн нұрындай, мейірімнен, қызудан,
Әз ананың әппақ сүтін, лайламасын қызыл қан!
Бала емізіп отыр ана, бір өмірді алға алып,
Болашақпен бүкіл жаны сол арқылы жалғанып.
Жан-жүрекке ана-жердей, алысқа бір жол шегер,
Ей, адамзат, әкет әрі, қолыңда оқ болса егер!
// Қанипа Бұғыбаева - Бала емізіп отыра ана
2 157
Қарыз жаман...
Қалайша қайтарасың,
Қайтарсам деп
Құрбандық – қой шаласың.
Күндіз – күлкі,
Ал, түнде ұйқы көрмей,
Бақ пен сордың
Кезесің ойша арасын.
Қарыз жаман...
Біреуге қарыз болсаң,
Бейшарасың!
Қарыз жаман...
Сән кетер сері күннен,
Қарыз жаман...
Мән кетер өміріңнен.
Тірі жүрсең –
Мойныңнан төмен басып,
Өліп кетсең –
Тартқылар кебініңнен,
Қарыз жаман...
Жаманмын досым, мен де,
Соны білген!
// Бауыржан Құрманқұлов - Қарыз
2 157
Мен қорықпаймын
сұсты тұлғаларыңнан, асқарларым,
жанартаулардан лапылдап шашқан жалын.
Көңіл-сұңқар емес пе – келеді ылғи
асқарлардан да әрі асып аспандағым.
Өршіп қайта жаныма от алмасам,
мен, әйтеуір, құздардан жасқанбадым.
Сезем талай жанардан жас парларын,
Тарлау жолда тайғанақ тастар барын.
Шырқау деген шыңдардан құлау емес,
жасыма тек,
жас құсым – жақсы арманым!
Шырқау шыңның жолында
дариялар бар бұрқанып аласұрған,
жан шошырдай сұстанған қара сұр маң.
Тұңғиығына көз салсаң, көңілің жүдеп,
түңілген сәтің секілді жанашырдан.
Мен құлашты сермеймін - дарияны өтіп
әрі асуға қайтсем де ана шыңнан
(талпынар құз болмаса, адам деген
құр қалатын тәрізді бар асылдан).
Мен құласам, құлармын
жалын сөніп жанымда, біткенде дем,
әйтпесе, түк емес қой жүктер деген.
Биіктерге самғамай тұра алмаймын,
бұдан басқа бақытты күткен де емен.
Мен қорықпаймын
шырқап-шырқап, бұл күнде біткендерден,
самғай алмай, ызадан бұлт теңдеген,
сезбей өмір азабын, қуанышын,
мелшиіскен, адамдай түк көрмеген.
Қауіптенем жалғыз-ақ: жерде тұрып
от жанарын қияға тіккендерден.
// Фариза Оңғарсынова (1966)
2 157
Сөзімнің басы бұл – домбыра!
Көзімнің жасы бұл – домбыра!
Қазақтың мұңы бұл – домбыра!
Азаттық үні бұл – домбыра!
Дәуірдің досы бұл – домбыра!
Ауылдың кеші бұл – домбыра!
Даламның даңқы бұл – домбыра!
Бабамның салты бұл – домбыра!
Батырдың серті бұл – домбыра!
Ақынның дерті бұл – домбыра!
Ашық күн нұры бұл – домбыра!
Ғашықтың сыры бұл – домбыра!
Тербеткен ән-күй бұл – домбыра!
Жөргек пен әлди бұл – домбыра!
Ғаламат балам бұл – домбыра!
Аманат саған бұл – домбыра!
// Қалқаман Сарин - Домбыра
2 157
Өткен заманға, оның болмыс-бітіміне, түр-тұрпаты мен мінез-құлқына, идеологиясы мен ұстанған мақсатына баға беріп, ойша таразылау керек шығар.
Мәселен Алматыдағы студенттердің әлеуметтік, қоғамдық жағдайын алайық. Студенттердің бәрі, әлбетте, жер-жерден, ауыл-аймақтан келген ғой. Былайша қарасаң, білім алып жатырсың, жатақханаң бар. Бірақ студент қалада уақытша ғана тіркеуде тұрады. Паспортта солай көрсетілген. Алматыда тұрам, осында қалам деу тіпті мүлдем мүмкін емес. Өйткені сен тұрақты тіркелмегендіктен еш жер жұмысқа алмайды. Орын болса да, керек маман болсаң да. Ал Алматыға тұрақты тіркелу өте қиын. Беделді жерде жұмыс істейтін туыстарыңның арқасында, онда да ақша беріп жүріп қана бір жерге тіркелуің мүмкін. Ілуде біреу болмаса, беделді жерде жұмыс істейтін ешкімнің туысы жоқ, бола қалғанның өзінде ақша жоқ.
Ауылдан келіп қалаға жұмысқа кіру тіпті де мүмкін емес. Олардың балалары ең болмағанда жұмысшылар даярлайтын кәсіптік-техникалық училищеге де түсе алмайды. Өйткені қалада тіркеулі емес. Сондықтан да қаладағы зауыт-фабрикаларда жұмыс істейтін кәсіби жұмысшы мамандардың ішінен қазақтарды, біреу-міреу болмаса көру жоқ.
Мұның бәрі, әрине, қазақтарды қалаға жолатпаудың, олардың қабілеті тек ауыл шаруашылығында ғана жұмыс істеуге жетеді деген арам да аяр пиғылдан, кемсітуден туған.
Троллейбус, автобус, трамвайларда кетіп бара жатып, қасындағы адаммен қазақша сөйлеп отырғанда, орыстың бір қалтылдаған жаман кемпірі, «сендер неге қазақша сөйлесесіңдер, сендер кімсіңдер, жабайылар» деп шүйліккенін талай көрдік.
Дегенмен, дейтін мәселелер жетіп артылады. Соларды есіңе алғанда Кеңес өкіметінің отарлау саясатынан жаның түршігеді. Жоғарыда айтып өткенімдей, қазақтарды қалаға тіркемеуді былай қойғанда, оларға қала аумағындағы қара жерге де үй салуға рұқсат етілмеді. Ал Сібірден келген қоныстанушыларға қашан да есіктері айқара ашық болды. Бірінші Алматы жақты қараңызшы. Ондағы тұрғындардың бәрі дерлік орыстар. Қазақтар жоқтың қасы болды. Көп қабатты үйлерден де олар толассыз пәтер алып жатты. Анда-санда, әйтеуір бір әупірімнің күшімен, ілкідегі бір қазаққа үй беріле қалса, олар, негізінен, бірінші не бесінші қабаттағы пәтерлерге ғана қол жеткізеді. Дескриминация. Өз жерімізде Америкадағы үндістер қатарында болдық. Мұны жауып, жаба тоқудың қажеті жоқ. Ал өзінің бойындағы бар қуат-күшін беріп, жаралы болып, соғыстан ақсаңдай басып қайтқан Қасым ақынға үй берілмеді. Өзі құрт ауруына шалдыққан. Үй сұрап талай-талай есіктің табалдырығын тоздырған. Бірақ бірде-біреуі елең қылмаған. Содан да:
Бермесең бермей-ақ қой баспанаңды,
Сонда да тастамаймын астанамды.
Өлеңнің отын жағып жылытармын
Өзімді, әйелімді, жас баламды, -
деп ашынған ғой.
// Темірхан Медетбек
t.me/adebiett
2 157
"БАҚЫТ деген немене бұл, немене екен, немене,
Мен шықпаған заңғар шың ба, мен мінбеген кеме ме?"
Бәлкім Бақыт байлық па екен сараңдықтан бас алған,
Жомарттығы өзгелердің ырысынан жасалған.
Талайларға байлық жинау болса дағы бас арман,
Кейде Бақыт байларға да қолын бермей қасарған.
Әлде Бақыт сұлулық па, олай дейін десем мен,
Сұлулар жүр бай аяққа кілем болып төселген.
Әлде Бақыт билік пе екен қылыш мүдде ұстаған,
Тіпті қайсар қырандары рұқсатсыз ұшпаған,
Жағымпазы сырт көздерді шошындырып сұрқымен,
Бастығының көн етігін шөткелеген мұртымен.
Шын парасат иелері бірақ оған бармаған,
Олар өзін жаудан бұрын жағымпаздан қорғаған.
Иә, биліктің қадамы тоқ, қамалы жоқ алмаған,
Кей қасқалар биліктен де бақыт таппай сорлаған.
"Бақыт деген немене бұл, немене екен, немене,
Көрсет маған, құшақтайын, көтерейін төбеме"
Деп едім мен, дәл сол сәтте ойы, бойы сымбатты
Әбден қажып шашы ағарған ШЫНДЫҚ келіп тіл қатты:
– Бақыт дәйім санасы мен ұғымында әркімнің
Қанша ғасыр осыны елге ұқтыра алмай сарқылдым.
Қане менің соңымнан ер...
Мынау үйге қарашы:
Нақ осы үйде жүріп жатыр Бақыт пен Сор таласы.
Үй иесі – жас жұбайлар тілек, ойы қосталған,
Билік, байлық қатар қонып, иықтымен дос болған.
Бірін-бірі сүйгенімен көңілдері тобасыз,
Тобасыздың есігінен кірген ырыс бағасыз.
Келген әрбір жақсылыққа игіліктің басы деп
Шын жүректен қуана алмау — ең қауіпті қасірет!
Солай, солай... Енді, ақыным, мұнда бұрыл деп мені
Шындық тағы ертіп барды жұпыны үйге шеткері:
– Терезеден қара,— деді, жақын тұрып қарадым,
Төрде отырған қос жұбайға түсті кенет жанарым.
Бөлме іші тым қарапайым, ортада ақ дастарқан,
Дастарқанда тек қара нан, қос түйір қант тасталған...
Күйеуі айтты: "Жалақы алдым, ертең базар баралық,
Саған, жаным, ерекше әсем көйлек іздеп табалық!"
– Көйлегім бар,– деді әйелі
(қабағына мұң қонды),–
Бір бешпетпен жүрсің өзің, міне, қанша жыл болды...
Екеуі де менен бұрын оған шаттық қонса деп,
Алдыменен ол қуансын, оның көңілі толса деп,
Бір-біріне сый ұсынып, бірін-бірі жақтады,
Бірін-бірі ардақ тұта ортақ ойға тоқтады.
Көрші аулада баласы өлген жалғыз кемпір бар екен,
Шетсіз, шексіз кең дүние ол сорлыға тар екен.
Бұлар қатар шуақ төге ізетті іске өрісті
Сол кемпірге қыстық киім әперуге келісті.
"Бақыт деген немене бұл, немене екен, немене,
Мен шықпаған заңғар шың ба, мен мінбеген кеме ме?"
Деп қиялдап әр биіктен көрсетіппіз бекер бой,
Қымбаттым-ау, сөйтсек бақыт қанағатта екен ғой.
Егер бүгін аласарса мекеніңнің шоқтығы,
Оған себеп – қанағатсыз адамдардың көптігі...
О, тәңірім,
Қанағатпен басар болса аптығын,
Мүмкіндік бер қадірлеуге жауымның да шаттығын!
// Мұхтар Шаханұлы - Бақыт геометриясы
