МИРАСТАН МАЗМҰН
Open in Telegram
Оқыған кітаптарымнан, өмірде түйген нәрселерімнен үзік-үзік жазбалар
Show more998
Subscribers
No data24 hours
-17 days
-1130 days
Posts Archive
Ұл балдырғандардың (1-6 сыныптар) боқтап сөйлейтініне құлағым үйренді. Естіген жерде тыйып тастаймын. Кешірім сұрап, бір-бірін кінәлап кетеді. Өткенде автобуста отырсам, екі қыз (шамамен 3-сынып) боқтап сөйлесіп отыр. Ондайды кім көрген? Бірі қалпағын түсіріп алып еді, екіншісі «мәә енді мамаң к...тіңді айырады» дейді. Көзіммен зілдене атып қарап едім, екеуі де жым болды. Ары қарай әдеппен сөйлеп кетті.
Травма болады деп, баланың тәрбиесін жиып қойып, бетімен жіберіп жатқан жоқ па? Бұл балалар сөйлегісі келіп емес, сән қуалап жүргендей көрінеді.
Мақтансам, құлаймын. Неге?
Автобуста тұрғанмын. Оң қолымда рюкзак, сол қолым тұтқада. Ара-арасында сол қолымды тұтқадан босатып, біреулердің «Оңай» карточкасын әрі-бері әперіп қоямын. Қарасам, жаңадан алған сағатым жеңімнен көрінбей тұр екен. «Жұртқа мықты сағатыңды көрсетіп қоймайсың ба?» деген ой сумаң ете қалды. Ойланып үлгергенше жұлыным шешім қабылдап, сол қолымды тұтқадан ала бергенім сол еді, автобус кілт тоқтай қалды...
Біреуді соғып, екпініммен итеріп, құлап қала жаздадым. Басыма хикметі саңқ ете қалды: «Бала, тыныш тұр!». Оппа! Мұндай нашар қылықты қалай жіберіп алдым деп ойлап бастағанымда, тағы біреу «Оңайын» маған созып жатыр екен. Сол қолымды сеніңкіремей босатып едім, бәрібір ештеңе болмады. Автобус бір қалыпты қозғалыспен тербеліп барады.
Қою керек қой осындайды, нәпсім. 24 сағат, 7 күн, 12 ай бойы бақылап отырғанын білген соң, кішкене ойлансайшы.
PS: дәл осылай 2 жыл бұрын Шымбұлақта шаңғымен секіріп мақтанам деп, етбетіммен құлаған едім. Сонда алған сабағым екі-ақ жылға жеткенін қарашы.
Әдет қалыптастыруда сәл шыдасаң, кейін әдет сені қалыптастырады.
"Әдет күші" кітабынан
🔹Істейін деп жатырмын – істегенге жатпайды.
🔹Ертең істеймін – істегенге жатпайды.
🔹Істер едім, бірақ мемлекетке өкпем қара қазандай – істегенге жатпайды.
🔹Сәл мызғып алып, тың күшпен істеймін – істегенге жатпайды.
🔹Осылай істеймін деп жоспарлап жатырмын – істегенге жатпайды.
🔹Істеуді үйрететін курсқа қатысамын – істегенге жатпайды.
🔹Осылай болса істер едім – істегенге жатпайды.
🔹Маған істеуге мүмкіндік бермейді – істегенге жатпайды.
🔹Бұйырса, істеймін – істегенге жатпайды.
🔹Бұйырмаса, қайтеміз енді – істегенге жатпайды.
🔹Істейін десем, түк қызығушылығым жоқ – істегенге жатпайды.
🔹Істейін десем, әйтеуір бір шаруа шығып қалады – істегенге жатпайды.
🔹Істейін десем, ауырып тұрған сияқтымын – істегенге жатпайды.
🔹Жазылған күні істеймін – істегенге жатпайды.
🔹Осыны оқып болған соң істейтін шығармын – істегенге жатпайды.
✅ ІСТЕУ, БІТІРУ, ЖАСАУ – істегенге жатады.
Бір қателікті, күнәні қайталап істей берсең, онда ғапылдықта жүрсің. Сол қателікке не үшін ұрынып жатқаныңды, қандай нәрселер себеп болғанын ойланып, талдау жасамайынша, қорытынды шығарып, күресудің шешімін және жоспарын жасамайынша, оған қайта айналып келе бересің. Қанша тәубе істесең де!
Мысалы, темекіні қай кезде шегіп қоя бересің? Ашуланғанда немесе стресске түскенде. Демек, келесі жолы ашуланғанда жасайтын істерді ойластыру керек: "Бұл ашулануым өзім үшін бе әлде құдай үшін бе? Бұл ашулануым бір күннен соң да маңызды бола ма? Бір жылдан соң ше? Егер маңызды болмаса, онда несіне жүйкемді құртып отырмын? т.б."
Бір тесіктен екі рет шақтырсаң, зиянда қала бересің. Ал біз екі рет емес, жиырма рет шақтырған болуымыз мүмкін.
Өзіңе берген уәдені орындау керек. Өзім ғой, ештеңе етпес десең, ең алдымен өзіңе деген құрмет жоғалады. Өзіңді құрметтемесең, өзгені құрметтей алмайсың. Өз-өзімді қолға алам, дұрыс тамақтанамын, спортпен айналысамын, ерте жатып, ерте тұрамын, шет тілін үйренемін деп өзіңе саналы түрде уәде етсең, қайткен күнде орындау керек.
Біреудің алдында құрметсіз қалудан гөрі ожданыңның алдында абыройсыз қалудың азабы күштірек.
"НАҒЫЗ ЖІГІТ" кітабынан үзінді
Автор Мирас Кесебаев
Ағасы бар қызға есі дұрыс жігіт тиіспейді
«Сенің құрсағыңдағы ер бала ма, қайдан білейін, өте бер, шырағым» деп жол беріп тұрған екіқабат келіншекті алдынан өткізіп жіберген әженің аңызға бергісіз әңгімесін естіген шығарсыз. Бұл оқиғада үлкен мән жатыр.
Ер жігіттің дәрежесін құдай көтеріп қойды. Көтергенде әйелден артық демеді, керісінше оның бойына қаншама күш-қуатты, жауапкершілікті артып қойды. Күші мол болғасын соны аямай жұмсап, адал еңбегімен, маңдай терімен отбасының нәпақасын тапсын деді.
Мығым денесімен, қуатты қолдарымен, суық ақылымен адал жарын, шиеттей бала-шағасын қорғасын деді. Мейірімімен ардақты анасына, аяулы қарындасына қорған болсын деді.
«Әкем бар, күйеуім бар, ағам бар, атастырып қойған жігітім бар» деген қызға өзге жігіттің соқтыққанын көріп пе едіңіз? Ондай қызға бөтен жігіт тиіспейді. Себебі оның қорғаушысы бар, ол жауапты адамы үшін жанын беруге даяр. Дәл өзіндей еркекпен соңы жақсылықпен бітпейтін шайқасқа түскісі келмейді. Басы артық дауға кім қалғысы келеді дейсің.
"Нағыз жігіт" кітабынан үзінді
Мирас Кесебаев
Жаратқан былай дейді екен:
"Пендеме көтерсін деп жүк артамын,
Көтерсе көңілін ағартамын.
Көтермесе тағы артамын".
(Ескіден қалған сөз)
...Мен қарындастарыма ылғи жауапкершілігі жоғары жігітке ғана арқа сүйеңдер деп айтамын. Беті жылтыраған, сөзі тәтті, гүл сыйлап, сыйлық жасап, асты-үстіңе түсетін мачоларға алданбаңдар. Алдымен бойында жауапкершілік сезімі бар ма, бұған дейін бір істі басынан соңына дейін жеткізді ме, соны тексеріңдер деймін.
Жауапкершілігі жоқ ұл – тамыры жоқ қаңбақ сияқты, ұшарын жел, қонарын сай біледі. Оған жұмысты сеніп тапсыра алмайсың, оған адамды сеніп бере алмайсың, оған аманатты қалдыра алмайсың. Олар ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүреді. Жауапкершілігі жоқ адам берген тапсырманы орындамай, қашып кетеді немесе болмайтын сылтау айтады. Қызды алдап кетеді. Жарының мойнына мініп, өзі әйел боп кетеді. Аманатқа қиянат жасайды. Мысалы, сенен ноутбук сұрауы мүмкін. Айтқан уақытында қайтармайды. Ал қайтарған кезінде ноутбуктың экраны сызылып, сырты бүлініп тұруы мүмкін.
Мирас Кесебаев
"Нағыз жігіт" кітабынан үзінді
8-ші кітапты бастадым. 3 ай ойландым. Бірнеше кітапты бастап қойғанмын. Әдеттегідей қайсысы көбірек дерттендірді, сол бірінші орынға шықты.
8-ші кітап - нағыз ер, еркек, жігіт жайлы. Себебі өте көп. Даму жағынан қыздар қатты озып барады. Ал жігіттер көрінбейді. Құрылыста жүр ме әлде таксиде ме, күзетші боп отыр ма, білмеймін. Бірақ сапа қатты төмендеп жатыр. Бір қарасам, кітаптардың 99 пайызы қыздарға арналған екен. Ұлдарға арналған бір кітап жоқ. Бұл олқылықтың орнын толтыру керек дереу. Өзімізді өзіміз өзгертпесек, сырттан біреу келіп өзгертпейді.
Өмірден мән жоғалтқан кезде адам қартаяды
Ұзақ жыл бойы бір жұмыста істеп, аттай шауып жүрген адам кейін зейнетке шыққан кезде көп ауырғыш боп кететінін байқаған боларсыз? Себебі жұмыс өмірінің мәні еді. Өзін қоғам қажетсінетін. Оның бір маңызды бөлшегі еді. Ал енді жұмыс біткенде, шаруасыз қалғанда өмірден мағынасын жоғалтады. Енді ешкімге керек болмай қалғандай. Осылай ойлаған соң ағзаның қорғаныс қабаты құлайды. Ағзада бұрыннан түк бітіре алмай жүрген бактерия мен вирустар шабуылын бастайды.
Үлкен кісілердің көбінде өкініш бар. «Әттең, өмірімді қайта бастар ма еді.......» Менің ойымша, өмірді дәл қазір қайта бастауға болады. Ештеңе ешқашан кеш емес қабірге кіргенше. Өзіңе тұсау болатын тек өзің ғана, өзіңнің ойың ғана.
Дәл қазір қолыңыз босап, жүз миллион ақшаңыз болғанда не істер едіңіз?
Шаңғы тебуді үйренер едім,
атқа мініп шабуды үйренер едім,
тауға шығар едім,
ағылшын тілін үйренер едім,
Игуасу сарқырамасына барар едім,
Солтүстік шұғыласын көруге барар едім,
балық аулауға барар едім,
Құран жаттар едім,
эл-классико ойынына барар едім,
қажылыққа барар едім,
үй салар едім,
айфон 15 алар едім едім едім...
Ал енді осының ішінде кем дегенде біреуін ақшасыз-ақ дәл қазір уақыт тауып жасай аласыз. Алғашқы қадам жасау. Арманыңа жеткеніңді елестету. Неше қадамнан арманыңа жететініңді кейін жоспарлау. Ағылшын тілін алайық. Бірінші қадам – ағылшынның to be ережесін үйрену болса, алпысыншы қадамда бүкіл ережені үйреніп алар едіңіз. Жүзінші қадамда еркін сайрар едіңіз.
Өмірден мән жоғалтпау керек. Сіз бұл өмірге әдейі жіберілгенсіз. Себебі сіз істейтін бір істі басқа ешкім сіз секілді істей алмайды. Сіз әбден тәптіштеп жоспарланған жаратылыссыз. 10 жаста да, 50 жаста да, 80 жаста да бәрібір маңыздысыз. Өзіңізді маңызсыз жүрсеңіз, оған тек өзіңіз жеткенсіз.
Бриллиантқа бір адам түкірсе де, мың адам түкірсе де, бәрібір 10 миллиондық құнын жоғалтпайды.Құдаймен ойнама
Кейде білгішсініп, ақыл айтқыштығың оянып, әдемі жазбаңды жариялайсың ғой "өйту керек, сөйту керек" деп. Артынша келген реакциялар, комментарийлерге семіріп, кеудеңе нан пісіп отырады. Өзім-ай осы деп.
Көп өтпей-ақ тура сол айтқаныңмен құдай сынайды. "Ашуланбайықшы" деп жазсаң, ашуландыратын жағдайға тап болғызады. Басқасы басқа, тап сол сәтте ашуыңды қатты шығарғың келеді, бірақ алдында ғана ашуланбау туралы жазғансың. Ал айтқан сөзіңде тұр. Әйтпесе, сөзің мен ісің екі түрлі боп шықса, екіжүздісің ғой.
Ешкімнің ақысын жемеу туралы жазсаң, тағы да дәл сондай оқиғаға түсесің де кетесің. Сенің жаныңда танысыңды жамандап жатса, дереу оны тыйып тастау керек. Әйтпесе, ғайбатқа ортақ боп, ақысына кіресің.
Қысқасы, құдаймен ойнама. Айтқан сөзіңді дәлелдеткізеді. Айтсаң, істей алатын нәрсеңді ғана айт. Өтірікші боп шығуыңа өте жақынсың.
Мен берсең, бәрін көресің. Сезесің. Бұл өмір - шедевр, Ұлы Шебердің ғажайып туындысы.
Сол.
Өмірде кездейсоқтық болмайды. Өткен өміріңде де, қазір де, болашақта да. 100 пайыз кездейсоқ болды деген оқиғаның астарына үңіліп көр. Ешбірі жайдан-жай болған жоқ.
Ашулану:
18 жасқа дейін: осыдан бәріне дәлелдеймін. Сол адаммен араласпай қоямын. Кейін өзі келіп іші күйсін, жалынсын.
Артынша кек, қабағың түйіліп жүру, энергияңды ашулануға жұмсау, фокус қоя алмау, т.б.
18 жастан кейін, алғашқы 5 минутта: осыдан бәріне дәлелдеймін. Сол адаммен араласпай қоямын. Кейін өзі келіп іші күйсін, жалынсын.
5 минуттан кейін: ол да жетісіп жүрген жоқ шығар. Ашуланып айтып қойған ғой. Басында үлкен проблемасы бар шығар әлі шешілмеген. Осы ашулануым 10 минуттан кейін әлі маңызды бола ма? 10 күннен соң ше? 1 жылдан соң ше? Маңызды болмаса, онда ашуланудың өзі артық. Кім үшін ашуландың өзі әу баста? Нәпсіңе тиіп кетті ме әлде Алла үшін бе?
Артынша тыныштық, жайлылық...
PS: 18 жасымда "Адамзаттың асыл тәжі" кітаын оқып, тіршіліктегі ең жақсы адамның өмірімен таныстым.
Оппенгеймер
Өткенде Оппенгеймер киносына бардым. Ағылшынша көргім келіп еді, бізде Алматыда ондай жоқ екен. Германияға деп жасалған бомбаның бір емес екеуі айдаладағы Жапонияға тасталды. Жапонияның соғысты тоқтатпаймын деген бір-екі отказына бола бомба тастай салу - өтірік сылтау, керісінше КСРО-ның алдында ұпай жинау деп ойладым.
Одан кейін жапондық бір аниме көрдім сол бомба туралы. Шынайы бергені сонша бөпелердің көзі ағып, қара күйеге айналуына дейін көрсеткен.
Мені қызықтырғаны, бұл Оппенгеймер фильмін көргенде жапондықтар қандай күйде болды екен?
Осы сұрақты бүгін ғана Жапониядан келген Сәулеттен сұрадым. Оның айтуынша оқушыларға тарихты толық айтпайды екен. Мысалы, Жапонияның Қытайға, Кореяға, Филиппинге басып кіріп, 300 мыңнан аса адамның өзін бір демде қырып тастаған жүздеген оқиғаларын қазіргі жас ұрпағы білмейді. Өткені үшін ұялмасын, ешкімнің алдында қысылмасын деген саясат шығар.
Энергия бітіп қалғанда...
Мынадай қызық нәрсе бар. Әркімнің энергиясын тасытатын бір әрекеті болады. Менікі, мысалы, жазу мен жаттығу. Энергияң бітіп тұрғанда жазу арқылы энергияңды арттырғың келеді. Бірақ соны бастап кетуге энергияң жетпей тұрады. Ал бір бастадың екен, ары қарай тоқтай алмай қаласың. Қаншалықты көп жазсаң, соншалықты көп күш. Жаттығу да сондай. Турникке бір рет керілуге күшің жетпей тұрады. Өзіңді қинап бір рет тартылсаң, екінші рет тағы тартыласың. Ары қарай қайдан келгені белгісіз, қуатың артып, жиынтығы 50-ден асырып тастайсың.
Ең қиын іс - бастау. Мынадай кітап шығару керек сияқты: "Бірдеңе бастай алмай жүргендерге арналған қысқаша нұсқаулық". Ал кітаптың ішінде бір ғана сөз: "БАСТА!"
