cookie

We use cookies to improve your browsing experience. By clicking «Accept all», you agree to the use of cookies.

avatar

оқитын не бар?

• шығармаға спойлерсіз анализ 🖇️ • әдебиеттанушыдан рецензия 🔖 • кітаптың epub/pdf нұсқасы (қазақ, ағылшын, орыс тілдерінде)🪽 талқыға арналған чат: @gapiru🪴 арнаның иесі: john keating

Show more
Advertising posts
247
Subscribers
No data24 hours
No data7 days
No data30 days

Data loading in progress...

Subscriber growth rate

Data loading in progress...

ағайын мен апайын! 🪽 кітаптар жайлы @gapiru чатында жазбаларды талқылап, еркін әңгімелессеңіздер болады 🪴 таппай жүрген элкітаптар болса, сұрап көріңіздер. менде болса, жіберемін. тіпті келесі шағын рецензия үшін ұсынар шығармаңыз болса, ол да елеусіз қалмайды 🤍
Show all...
кітаптардың pdf нұсқасы 🔖 🧷 ағылшын және қазақ тілінде p.s. қазақ тіліндегі электронды нұсқа Сәбит Мұқанов атындағы кітапханадан алынды. сатып алғыңыз келсе, Foliant баспасының сайтынан немесе Kaspi Дүкеннен тапсырыс бере аласыз 🤍
Show all...
A_thousand_splendid_suns.pdf1.01 MB
Zharkyragan_myn_kun.pdf8.90 MB
🔥 3🕊 1
🕯️ ауғанстанда күн сайын әйелдердің хақын шектейтін тыйымдардың түрі шығып жүр. бұрында да ауған әйелдерінің көрген қорлығы аз емес еді. оны осы талдағалы жатқан шығармадан оқып, білуге де болады. кішкентай Мәриямды автор «харами» деп атауынан роман басталады. «харам» боп туған Мәриямның бала шағынан оқиғалар өрбиді. Мәриямның оқиғасы не болар екен деп ауыз жиып үлгергенше, екінші жақтан Ләйла есімді көрші қыздың хикаясы басталады. Мәриям мен Ләйланың отбасы мен ішкі құндылығын салыстырып қарасаң, айырмасы көп. Мәриям мектеп оқымаған, анасы «мектепке барсаң, сені бәрі шеттетеді» деп қызын мектепке бермей қойған. сондықтан оның көп нәрседен хабары жоқ, бірақ құран сүрелерін үйренгені бар. Ләйланың отбасы керісінше. көзі ашық адамдар. әкесі бала кезінен ілім-білімге тартып, «оқысаң, кейін ауғанстанның күні саған қарайды» деп үйреткен. әуелде бір-біріне тым бөтен болған осы Мәриям мен Ләйланы ауғанстанда боп жатқан оқиғалар біріктіреді. содан бастап екеуінің көрген қорлық-зорлығы көбейеді. көп жерінде әбден қанын басыңа шауып, жынданып кете жаздайсың. сондықтан оқимын деп шешсеңіз, ашуланбауға тырысыңыз :) біздің әдебиетте хан-сұлтан мен әлдебір қайраткердің қабылдаған шешімдері мен даналығын көп сипаттауға құмар ғой. сол хан-сұлтанның әрекеті қарапайым бір ауылдағы қазаққа қалай әсер еткенін, оның өмірін қалай талқандап, қалай өзгерткенін көзге ілмейміз. ал бұл шығармада сол көптің бірі боп өмір сүріп жатқан Мәриям мен Ләйланың өмірі арқылы сол кездегі жапа шеккен бүкіл ауған әйел-балаларының өмірін сипаттайды. мәселен екі қыздың өмірінің фонында ауғанстанда неше түрлі өзгерістер боп жатады. биліктің жиі өзгеруі, кеңес әскерінің келуі, ауған соғысы, тәліптердің билікке келуі, т.б. оқиғалар қыздардың өміріне қалай әсер беріп жатқанын көресің. айтқандай, осы тұрғыдан екеуінің өмірі «кішкентай адамдар» образында берілген. себебі бұлар билікке еш әсер ете алмайды, тек фондағы саяси оқиғалардың соққысын көріп, таяғын жейді. автор Халед өзі ер адам бола тұра, шығармада ер адамдардың образын жан-жақты аша алған. әсіресе - Рашидтің бітім- болмысы. оны бірде жақсы адам ба деп ойласаң, бірде одан асқан залым жоқтай көрінеді. жалпы алғанда автор оның екіжүзділігін әшкерелейді. Рашидтің образындағы тип – сол дәуірдегі ауған еркектерінің кейіпі. бүгінгі тәліп билігінде де мұндайлар аз емес. ондай екіжүзділерді өзіміздің қоғамнан да айдың-күннің аманында көріп жүрміз. Рашид әйеліне «ерлерге әйел тіке қарамау керек», «бетін тұмшалау керек» деп оттап жүргенінде, әйелі оның төсегінен жалаңаш әйелдердің журналын тауып алады. тарқата берсең, шығарманың іліп алып кететін шытырманы көп. десе де шығармамен қысқа да болсын таныстырдым. алдыңғы анализдер секілді «оқымасаңдар, өздерің біліңдер» демеймін. шығарма оқуға тұрарлық. себебі дәл Мәриям мен Ләйланың басынан өткен дүние қазір ауған әйелдерінің басынан өтіп жатыр. сол үшін оқуға қолжетімді болсын деп, төменге қазақша элнұсқасын жүктедім. 💡 айтпақшы шығарма не үшін «Жарқыраған мың күн» деп аталғанын білесіз бе? пікір қалдыра кетіңіз :)
Show all...
2🔥 1
Photo unavailableShow in Telegram
Халед Хоссейнидің «Жарқыраған мың күн» романы 🫧
Show all...
❤‍🔥 3
кітаптардың epub нұсқасы 🔖 🧷 барлығы қазақ тілінде
Show all...
Чезаре. Жоталардағы жынойнақ.epub2.43 KB
Чезаре. Ай мен алау.epub1.49 KB
Чезаре. Ғажайып жаз.epub0.91 KB
Чезаре. Жолдас.epub5.84 KB
🔥 2
«Verrà la morte e avrà i tuoi occhi» «ажал келгенде, сенің жанарың соныкі болады» * * * маған осы ғажап жазушылар – өзіне суицид жасаған жазушылар секілді көрініп кетеді. себебі мен білетін қызық жазушылар өз-өзін ақыры өлтіріп тынғандар. мәселен Чезаре Павезе – италиандар бағасына жете алмаған қаламгер. әбден өліп-талып «Стрега» премиясын алғанмен, ол Чезареге жұбаныш болмай, көп өтпей өз-өзіне қол жұмсаған. жазушы қайтыс болғанда кереует жанынан бір бума өлеңдер жинағы табылған. ал ондағы бірінші өлең «ажал келгенде, сенің жанарың соныкі болады» деп басталады. бұл жолдар өткен ғасырдың қиял-романтиктерінің сүйікті бір ұранына айналған. жалпы Чезаре шығармаларындағы кейіпкерлер арқылы үнемі өзін көрсетіп отырған. оның биографиясын ақтарғаннан гөрі, шығармасы арқылы өмірін, көзқарасын көбірек тануға болады. бүгін Чезаренің қазақ тіліне аударылған төрт шығармасы туралы әңгімелейік. «Ғажайып жаз» – Чезаре сыйлық алған, аса танымал болған шығармаларының бірі. бас кейіпкер Джиниа тігінші, ательеде жұмысы бар. ал құрбысы Амелиа суретшілердің туындысына киімшең де, киімсіз де натурашы боп жүрген қыз. шығарма басында Джиниа суретшілерді түсінбейді. іштей жалаңаш суретті салғаннан гөрі, «киімшең әйелді салған қызықтырақ емес пе?» деп ойлайтын. Джиниа өте ақкөңіл, ақ жарқын, ұяң қыз болатын. құрбысының істерін түсінбегенмен, барайық-көрейік дегенінен еш бас тартпайтын. хикая бойы кейіпкер Джинианың болмысы соңыра қалай өзгергенін байқаймыз. «Жоталардағы жынойнақ» – артық ауыз сөзсіз италиа эстетикасы. мамыражай тіршілігі. ыстық жазы. қысқасы турин жастарының көрде жатқан кемпірден қарғыс алған, бесіктегі баладан алғыс алған 25-і деп қуып кетсең. жалпы әсіреэстеттердің өмірі бейнеленген тым нәзік шығарма. ешбір ұятсыз астарсыз, жинақы. сюжетсіз. өмір мен өлім, құдай жайлы астасқан ойлар. осылардың бәрін біріктірген бір толқын болса, ол – туриннің түнгі келбеті. содан туған ойлар. жастықтың қимастығы. айта берсең, суреттеуге сөз көп. жазғы кештер үшін оқуға таптырмас шығарма болар еді, бірақ мен бұны жариялаймын дегенше күз басталып кетті. келесі жылы оқыңдар. «Жолдас» – тағы да италиа. тағы да турин. бірақ әлгі шығармадан ерекшелігі – шығарма өмірде өзін таппай жүрген адам жайында. оның рухани есеюі, өмірдің мәнін іздеуі, қандай да бір тіршілікке қатысты сұрақтарды көтеруі жайында. Чезаре – өмірдің мәнін кейіпкермен қоса іздейді. кейіпкеріне өзі суреттеген қоғамнан орын іздейді. әрі шығарма жайлы суреттелсе де, кейіпкерлері зұлым шақта өмір сүріп жатады. саяси қуғын, әділетсіздік, цензура, қатігез билік. бұның бәрі сол бас кейіпкердің ішкі ойларында да жалғасады. ең соңғы шығармасы «Ай мен алау» – қоштасу хикаясы. жапон әдебиетінде эго-роман деген бағыт болған. автор бір кейіпкерді жасап ап, соның маскасының артынан кеп ішіндегі уайымы мен қалауын құсықтай төге салады. Чезаре қатты есалаң жазушы емес, әрине. шығармасында лоқсытып кеп құсып, ойбайлатып, оқырманды жиіркендірмейді. жоғары сипаттағанымдай, еш дүрбелеңі мен ылаңы жоқ оқиғалар ғана бар. сол оқиғаларға автор өзі араласып, өз кейіпкерлерімен арпалысып кететіні болмаса, ішіндегісін ақтарады. шығарма жазылғаннан көп өтпей автор өз-өзіне қол жұмсады. бірақ жұртпен осы шығарма арқылы қоштасты. Чезаре үшін әдебиет терапиямен теңдес болды. өз жанын өз кейіпкерлерінің ішінде бүркеніп ап емдеуге тырысты. ағынан жарылып ақтарылды. бірақ бұл терапия оның рухани ауруын асқындырғандай. жалпы қаламгер ретінде Чезаре Павезе оқырманға ешбір мораль мен насихат тықпаламайды да. бар болғаны оқиғаны баяндайды. кейіпкері алысып-жұлысып, айтысып-тартысып жатпайды. сол үшін де сюжеті жоқ шығармалары тек у-шусыз жылжып отырады. ұрыс-керіс болса да, онысын Достоевский секілді азан-қазан қылмайды. мен Чезарені үздік автор дей алмаймын. не нашар деп. жалпы оны оқыған адамда ақ не қара деген ұғым да бола қоймайды. кейіпкерлері үшін де, автор үшін де оқырманның ойы тек сұр түсте болады.
Show all...
❤‍🔥 2
Photo unavailableShow in Telegram
Чезаре Павезенің шығармашылығы 🫧
Show all...
🔥 3
🖇️ бұлар бұрын гәзет-жұрналдарда жарияланған. бірақ іздемей-ақ оқимын десеңіз, жираф пен ананастың айтқаны осылар :)
Show all...
КӨПІРШІК ОЙЛАР. Дана Асылбек.docx0.31 KB
PEACE. Дана Асылбек.docx0.28 KB
ОН_ТОҒЫЗЫНШЫ_ПАЦИЕНТ_Дана_Асылбек.docx0.23 KB
АЛЕКСИТИМИЯ_НЕМЕСЕ_ЕШТЕҢЕ_Дана_Асылбек.docx0.28 KB
ГЕКСАКОСИОЙГЕКСЕКОНТАГЕКСАФОБИЯ_Дана_Асылбек.docx0.32 KB
🍓 2
Repost from N/a
ДАНА АСЫЛБЕК | ӘҢГІМЕЛЕРІ Негізі Дананың әңгімелеріндегі барлық бас кейіпкерге тән ортақ мотив - жалғыздық. Өз ойымен алысып, қоғамнан оқшауланып, болмысын толық қабылдай алмаған жан. Бір қызығы әр әңгімедегі протагонистті уайымдататын сауал шығарманың басынан соңына дейін өзгермейді. Яғни сюжеттік желі бойынша жағдаяттар өзгеріп отырғанымен мазасын алған түпкі ойдан өзге ойға ауысу көбіне кездесе қоймайды. Мейлінше алғашқы сұрағы шығарма аяқталғанша жауабын табуға тырысады. Бұл жолда кейіпкер ішіндегі қарама-қарсы пікір білдіруші дауыстардың өзара сұрапыл соғысы жүріп жатады, соған қоса түрлі әлеуметтік текетіреске ұшырайды. Автор үкім шығармайды, тек сұрақтармен ойландырады. Кейіпкерін ар сотына сала отырып, ішкі дауысын тыңдауға мәжбүр етеді. Тағы бір ерекшелігі шығарма тақырыбы үнемі психологиялық атаулармен, аурулармен байланысты. Мағынасы да сол адам мінез-құлқындағы психикалық жай-күйді білдіретін терминдерді ұтымды қолдана отырып, әлеумет типтерін өте шебер суреттейді әрі олардың жүріс-тұрысындағы ерекше айырым белгілерін диалогтардағы сөйлеу мәнері арқылы дәл жеткізеді. Оқиға орны, кейіпкерлердің өмір сүретін ортасы мен атқаратын қызметіне дейін егжей-тегжейлі ойластырылған және шығармадағы көркемдік детальдар проблеманың объективі күйінде жақсы жұмыс істейді (мәселен бассейн, қойма, сеанс өтетін бөлме, аурухана, асхана т.б.). Мысал келтіре кетсек, "Гексакосиойгексеконтагексафобия" әңгімесінде кейіпкер қоймаға қамалып қалады. Қоймадағы бейтаныс дауыс иесінің сұрақтары бас кейіпкердің ең үлкен қорқынышы еді. Қойма жай ғана әдеби фон. Қоймада қамалып қалуы кейіпкердің өз ойларының шырмауында адасуы еді. Құлпы бұзылған жердің қараңғылығынан шошынып, сыртқа шығуға ұмтылуы жанына тыныштық бермеген қорқынышы мен миындағы сан сұрақтардан құтылуға асығуы. Әңгіме алғашында көңіл-күйіңізге немқұрайлы әсер етсе, шарықтау шегі мен шешімінде бір сілкініп алуыңыз ғажап емес. Төмендегі әңгімелерін оқуға кеңес беремін: 📌 19-пациент 📌 Алекситимия немесе ештеңе (бұл шығармаға кейін арнайы талдау жасалады) 📌 Гексакосиойгексеконтагексафобия 📌 Көпіршік ойлар 📌 PEACE (Әңгімелері Мәдениет порталы, Адырна сияқты сайттарда қолжетімді) Сондай-ақ автордың телеграм каналына сілтеме: https://t.me/onkitap
Show all...
оқитын не бар?

• шығармаға спойлерсіз анализ 🖇️ • әдебиеттанушыдан рецензия 🔖 • кітаптың epub/pdf нұсқасы (қазақ, ағылшын, орыс тілдерінде)🪽 талқыға арналған чат: @gapiru🪴 арнаның иесі: john keating

🎐 бұрынырақта жазумен айналысқанмын. әңгімелер, пьесалар жаздым. қазір ғылымға көңіл қойып, одан бөлек журналистикаға бет бұрып кеткен соң ба, әйтеуір прозадан айналып ап қашып жүрмін. тіпті осы «оқитын не бар?» үшін рецензия жазуға да қолым босамай кетті. сондықтан арнада жаңа пост шыққанға дейін, Әселдің жазған әдеби анализдерін оқып көріңіздер. әңгімелерімді әдемі талдап шығыпты. оны былай қойғанда, Әкім Таразидың шығармашылығын шағып тастапты. ал мен келесі аптада оралам. оған дейін жираф пен ананастың жазғандарын оқып көріңіздер (өмірде жираф пен ананас деген екі адам бардай жаздым ғой тегі қеқе) сосын кіріп-шыға бермей, тыныш отырыңдар :) 🫵
Show all...
1❤‍🔥 1