qos paraq🤍
Open in Telegram
Әр сәтін ертегідей көретін жанның жазбалары... 🕊
Show more1 885
Subscribers
-324 hours
-107 days
-4430 days
Posts Archive
1 886
Жұмысым, не қайғы қасыретім, не бұйырмай қалады-ау сары уайымға салынған түні қаза болатын намаздарымды, жүрек дертіне әсте бататынымды ойласам ауырлық үстіне ауырлығымды жүктеп аламын. Құдайымды ұмытудан ауыры жоқ сәрі. Адам баласы дүниенің бір күндік мұңын таусылмас қылып арқалап, ертеңін ойлап бүгінін жоғалтып алады екен. Бір сәттік сынақты мың сәттік қайғыға айналдырып, жүрегінің төріне дүниені отырғызып қояды. Ал сол жүрекке бір «Алла» деген сөздің сыймай қалғанын сезгенде ғана өз-өзінен шошынады.Кейде өзіме өзім таң қаламын. Несібемді беріп тұрғанды ұмытып, несібемнің аз-көбін уайымдаймын. Жолымды ашып тұрғанды ұмытып, алдымдағы жабық есікке телміремін. Кешірімі менен күнәмнен кең екенін біле тұра, өз күнәмнің салмағынан үмітімді ауырлатып аламын. Түн тынышталып, елдің бәрі ұйқыға кеткенде ғана адамның өзімен өзі қалатыны бар. Сонда күндізгі дауыстардың бәрі өшіп, жүректің дауысы анық естіледі. Сол кезде кеше кеткен бір намаз, айтылмай қалған бір зікір, біреудің көңілін қалдырған бір сөз бәрі-бәрі келіп алдына отырады екен. Сонда дүние үшін төккен терің емес, Раббың үшін төккен бір тамшы жасың қымбат екенін түсінесің. Адамдардың алдында абыройлы көрінудің емес, Алланың алдында ұялмай тұрудың маңызды екенін ұғасың. Уа, Раббым, менің ең үлкен қайғым дүниемнің кемдігі емес, жүрегімнің Сенен алыстап кетуі болмасын. Қолымнан дүние кетсе де, көңілімнен Сенің есімің кетпесін. Жолым тарылса да, сәждеге баратын жолым тарылмасын. Көзім жасқа толса да, үмітім бос қалмасын. Біз көп нәрседен қорқамыз: кедейліктен, жалғыздықтан, жоғалтудан, ертеңнен. Бірақ ең қорқыныштысы жүректе Аллаға деген сағыныштың жоғалуы шығар. Өйткені дүниенің жоғын қайта табуға болады, ал жүректің Раббысынан алыстауы адамның өзіне өзі байқатпай келетін қасіреті. Сондықтан бүгінгі мұңымның бәрін өзім арқалап жүрмей, Саған тапсырайын. Мен көтере алмайтынды Сен көтер. Мен түсіне алмайтынды Сен қайырлы ет. Мен жете алмайтын жерге Өз рақымыңмен жеткіз.
Әйтеуір, осы жалған дүниенің уайымы ақыретімді ұмыттыратындай болмасын. Жүрегім дүниеге байланып қалмай, дүниеде жүріп-ақ Саған байлансын.
-адамға берілген ең үлкен тыныштық уайымының бітуі емес, уайымының ішінде де Раббысын ұмытпауы екен.
1 886
Жоқ-жітік дүниенің орнын толтырармыз. Бірақ баланың бүгінгі күнін қайтара алмаймыз. Өйткені балаға әке мен ананың тек аты емес, екеуінің де жүрегі керек. Кейде балаға үлкен нәрсенің керегі жоқ. Оған тек жанында отырған әкесі, қолынан ұстап тұрған анасы, “бәрі жақсы болады” деген жылы сөз керек. Баланың жүрегінде қалатын дүние де сол шығар. Балалық шақ қайта келмейді. Ал әкелік пен аналықтың шын өлшемі балаға не алып бергеніңмен емес, оның ең әлсіз, ең қорқынышты, ең бақытты сәттерінде жанында болғаныңмен өлшенеді.
[16:02]
1 886
Балалар ауруханасының жанында әпкемді күтіп, бір жарым сағаттай отырдым. Бір жарым сағат… Асықпай қарап отырсаң, бір аурухананың табалдырығынан қанша тағдырдың өтіп жатқанын көресің екен. Бір ана баласын құшағына қысып шығады. Бірі қолынан жетектеп келеді. Бірінің қолында дәрі-дәрмек толы дорба, бірінің иығында баласының киімі. Бірі баласының маңдайын қайта-қайта сипап қояды, бірі шаршағанынан үнсіз, енді бірі дәрігердің айтқан әр сөзін жүрегіне түйіп, баласына алаңдап келеді. Сол бір жарым сағат ішінде ауруханадан шығып, қайта кіріп жатқан әкелерді санау да қиын болды. Үнсіз қарап отырып көп нәрсе ойладым. Шындығында, бала ауырғанда оның жанынан табылып, түн ұйқысын төрт бөліп, шырылдап, бар жанын баласының бір тамшы дертіне айырбастайтын көбіне ана. “Балам” деп өзегін үзетін де ана. Баласының дене қызуын түн бойы өлшеп, таң атқанша маңдайынан сипап отыратын да ана. Дәрігердің әр сөзін жүрегімен тыңдап, “жақсарып кете ме?” деп ішінен мың рет сұрайтын да ана. Ауруханадан баласын жетектеп, қолына дорба-дорба дәрісін ұстап, шаршап-шалдығып шығып келе жатқан да ана. Сонда ер адамның “әке” деген статусы неге осындай сәттерде қатар жүрмейді екен? Бала екеуіңе ортақ емес пе еді? Неге баланың тегін әкесіне жазып, “біздің қанымыз” деп кеуде қағатын сәтте әке болу мәртебесі биік те, ал баланың ыстығы көтеріліп, аурухана дәлізінде түнегенде бұл мәртебенің салмағы жеңілдеп қалады? Әке болу тек тегіңді беру емес шығар. Әке болу баланың ауырғанын өзіңнің де ауырғаныңдай сезіну. Әке болу шаршап келсең де, балаңның көзіне бір қарап қою. Әке болу “қалайсың?” деп сұраудан бұрын “балам қалай?” деп алаңдау. Әке болу отбасыңның жанында физикалық тұрғыда ғана емес, жүрегімен бірге болу. Әрине, ер адамның да өз жүгі бар. Отбасын асырау керек. Ақша табу керек. Нәпақа іздеу керек. Жауапкершілік бар. Оны түсінуге де тырыстым. “Бәлкім, жұмыста жүрген шығар… Бәлкім, ақша тауып жатқан шығар… Бәлкім, отбасын асыраудың қамымен жүр…” деп ішімнен талай рет ақтап алғым келді. Бірақ сол сәтте бір ой маза бермеді. Ақша табылады. Ақша жоғалады. Бүгін жоқ дүние ертең болуы мүмкін. Жоғалған табыстың орнын қайта толтыруға болады. Ал баланың бүгінгі балалығы ше? Бүгін ауырған кезінде қасында болмаған әкенің орнын ертең ақша толтыра ала ма? Бала бүгін “әкем қасымда болса екен” деп тұрған сәтті ертең қайта әкелуге бола ма? Бала бір күнде өспейді. Бірақ біз байқамайтын жылдамдықпен өседі. Кеше ғана қолыңнан ұстап жүрген бала ертең өз жолымен кетеді. Кеше ғана “әке” деп мойныңа асылған сәби ертең есейіп, саған уақыт таппай қалуы мүмкін. Сондықтан кейде отбасыға ең қымбат сыйлық ақша емес шығар. Уақыт. Қатысу. Мейірім. Жанында болу. Балаға әкесінің бай болғанынан бұрын, әкесінің бар болғаны керек шығар. Жанында. Кейде үнсіз ғана қасында отырғаны. Қолынан ұстағаны. Маңдайынан сипағаны. “Қорықпа, әкең қасыңда” деген бір ауыз сөзі. Мүмкін, әкелік деген осындай қарапайым нәрселерден құралатын шығар. Сол аурухана алдында бір жарым сағат отырып, мен әкелерді кінәлағым келген жоқ. Тек бір нәрсені түсінгім келді. Неге біз бала тәрбиесін, балаға деген мейірімді, отбасыға бөлінетін уақытты көбіне әйелдің табиғи міндетіндей қабылдап кеткенбіз? Неге ана шаршаса да ана болуы тиіс, жыласа да ана болуы тиіс, ауырып тұрса да ана болуы тиіс, ал әке шаршаса оның шаршауы түсінікті? Неге ананың “бала ғой” деп бәріне шыдауы қалыпты саналады да, әкенің сол баланың бір түнін бірге өткізуі ерекше көмек секілді көрінеді? Бала тек ананың баласы емес. Ол екеуіңнің ортақ жүрегің. Оның тағдырына әкенің де аты жазылған. Оның күлкісіне әкенің де үлесі бар. Ендеше оның көз жасына да, ауырғанына да, қорқынышына да әкенің жүрегі ортақ болуы керек емес пе? Мүмкін, әкелік баланың тегінде емес, баланың есінде қалатын дүние шығар. “Әкем мені ауырғанымда жалғыз қалдырмады. Әкем менің қолымнан ұстап отырды. Әкем жұмыстан шаршап келсе де, менімен сөйлесті. Әкем мені тыңдайтын еді” деп есіне алса, сол нағыз әкелік емес пе? Өмірдің соңында біз қанша ақша тапқанымыздан бұрын, кімнің жанында болғанымыз маңыздырақ болып қалатын шығар. Ақша табармыз. Үй салармыз. Көлік алармыз.
1 886
Аса Қамқор, ерекше Мейірімді, аса Рақымды Алланың атымен бастаймын.
Алла, Сенің атымен басталған махаббатым қайырлы, шексіз сезімім баянды, адалдығым берік болсын деп тілеймін. Расында, Сенің бұйрығың менің қалауымнан қайырлы. Сондықтан менің жүрегім қалағанды емес, маған қайырлысын нәсіп ет.
Маған сыртынан ғана емес, жан дүниесімен әдемі жанды жолықтыр. Қадамы нық, ойы терең, ары мен намысын биік қоятын, сөзі мен ісі үйлескен азамат нәсіп ет. Әуелі өзіне адал, жұртына сүйікті, ата-анасына қадірлі, досына сенімді болсын.
Жолдасына жай ғана серік емес, шын мәнінде жан серік бола алатын адам болсын. Қуанышымды бөлісіп қана қоймай, мұңымды да көтере алсын. Қиын сәтте жанымнан табылып, бақытымды бағалай білсін.
Өзіне адал бола алмаған жаннан өзгеге деген адалдықты сұрай алмаймын. Сондықтан адалдықты сөзбен емес, ісімен дәлелдейтін жанды нәсіп ет.
Адам өз басына түскен сынақтан өтіп, сабырын шыңдамайынша, қос жүректің жүгін көтеру оңай емес. Өмірдің ащысын көріп, бірақ жүрегінің мейірімін жоғалтпаған, ойы терең, санасы сергек, ақылы кемел азамат жолықтыр. Ұзақта болса да, түзу жол жақсы. Мені асығыстықтан, жалған сезімнен, уақытша махаббаттан сақта. Кешіксе де, тағдырымдағы қайырлы жанды жолықтыр.Үй қылмай тұрып үй ішінің қадірін білетін, жарына тірек, баласына үлгі, ата-анасына қамқор бола алатын азамат нәсіп ет. Сүйікті әйелін сүйіктідей қадірлеп, көңілін ауыртпай, жанын түсіне білетін жан болсын. Егер жүрегім қалаған жан мен үшін қайырсыз болса, одан мені алыстат. Ал маған жазылған жан болса, арамыздағы жолды халал етіп, жүрегімізге сабыр, шаңырағымызға береке, махаббатымызға баян бер. Маған тек сүйетін жанды емес, сүйе білетін
тек таңдайтын жанды емес, таңдағанына адал болатын жанды нәсіп ет.
Жүрегіме жай ғана адам емес, жан дүниеме тыныштық сыйлайтын жанды жолықтыр.
-әмин🤍
1 886
Бір-біріміздің бұл дүниедегі ғана емес, ақыреттегі де қайырлы жолдасымыз болуды нәсіп ет. Бір-біріміздің жүрегімізді жараламай, қайта емдейтін болайық.
Егер мен сұраған адам мен үшін қайырлы болмаса, жүрегімнің қалауына қарамастан, одан мені алыстат. Ал егер маған лайық, жүрегіме тыныштық сыйлайтын, өміріме береке болатын жан болса, арамыздағы жолды халал әрі жеңіл ет.
Маған тек махаббат сыйлайтын емес, махаббаттың жауапкершілігін көтере алатын жанды жолықтыр. Тек мені таңдайтын емес, күн сайын қайта таңдаудан жалықпайтын жанды нәсіп ет.
Алла тағалам, мені де біреудің жүрегіне ауыртпалық етпе. Мен де өзіме бұйырған жанға қайырлы жар, сенімді серік, мейірімді жан бола білейін. Жүрегіме махаббат берсең, соны сақтайтын сабыр да, түсіністік те, адалдық та бер.
Жүрекке жай ғана адам емес, жанға тыныштық сыйлайтын адам нәсіп ет.
Махаббатта тек сезімді емес, сенімді де нәсіп ет.
Тағдырда тек кездесуді емес, бірге қалуды нәсіп ет.
Әмин.
1 886
Аса Қамқор, ерекше Мейірімді, аса Рақымды Алланың атымен бастаймын.
Алла тағалам, Сенің атымен басталған сезімім, махаббатым, әрбір ниетім қайырлы әрі баянды болсын деп тілеймін. Шексіз сезім мен адал махаббат адам баласына сынақ та, бақыт та болатынын білемін. Сондықтан жүрегіме жол тапқан әрбір сезімді Өз мейіріміңмен қайырлы ет. Махаббатым мені Саған жақындатсын, жүрегімді таза етсін, тағдырымды көркейтсін.
Расында, Алла, Сенің бұйрығың менің қалауымнан гөрі маған қайырлы. Кейде жүрегім бір нәрсені қалайды, бірақ оның маған шын мәнінде пайдалы не зиян екенін тек Сен ғана білесің. Кейде адамнан үміт күтемін, ал Сен оны менің жолымнан алыстатасың. Сол сәтте жүрегім ауырып, көңілім түссе де, кейін түсінемін: Сен мені жоғалтқанымнан емес, жоғалтуым керек нәрседен сақтаған екенсің.
Сондықтан, Алла, мен қарсы алған махаббатымнан жанымды жаралайтын емес, жанымды емдейтін жанды жолықтыр. Артынан қарайтын ойы бар, ақылды, тура басатын қадамы бар, әдемілікті көретін жанары бар, ары мен намысын биік қоятын азамат жолықтыр. Әуелі азамат ретінде өзіне адал, жұртына сүйікті, ата-анасына қадірлі, досына сенімді болсын.
Жолдасына жай ғана серіктес емес, шын мәнінде жан серік бола алатын жанды жолықтыр. Бірге жүргенде қолымнан ұстап қана қоймай, жүрегімнің жүгін де түсіне алатын болсын. Мен күліп тұрғанда ғана емес, көңілім жабырқағанда да жанымнан табылатын адам болсын. Жақсылығымды бағалайтын, кемшілігімді бетіме баспай, түзелуіме себеп болатын жан болсын.
Өзінің де мұңы болса, мұңын бөлісе алатын, менің де қайғым болса, көтере алатын болсын. Бір-бірімізге ауыр жүк емес, бір-бірімізге сүйеніш болуды нәсіп ет. Өмір жалғанда әр адамға сабыр мен сынақ беріледі. Бірақ сол сынақтан қашпай, мінезін шыңдаған, сабырын бекемдеген, жүрегін қатыгездікке емес, мейірімге тәрбиелеген жан жолықсын.
Адамның жақсысы — тек көпшілікке жақсы көрінетін адам емес. Ол — үйінде де жақсы, сыртында да жақсы, сөзі мен ісі бір жерден шығатын адам. Ел ішінде абыройлы болып, үйінің ішінде жарына ауыр сөз айтпайтын азамат болсын. Жұртқа мырза болып, өз шаңырағында суық қабақ танытатын жаннан сақта.
Бір елдің аз-көбін, мұң-мұқтажын түсінетін, жүрегі жұмсақ, бірақ мінезі берік азамат жолықтыр. Өзінен төменді менсінбейтін емес, қолынан келсе демеп, жақсылық жасауға асығатын жан болсын. Менің бір ауыз жылы сөзіме де, шынайы ықыласыма да қадірмен қарайтын адам болсын.
Өзіне адал бола алмаған адамнан маған деген адалдықты сұрай алмаймын. Өз жүрегін алдайтын жан біреудің жүрегін де оңай жаралайды. Сондықтан маған өз-өзімен де, сөзімен де, ісімен де адал адамды жолықтыр. Адалдықты антпен емес, күнделікті ісімен дәлелдейтін жан болсын.
Қара басына берілетін сынақтан өтіп, сабырын шыңдамайынша, қос адамның жүгін көтеру де оңай емес. Сондықтан тағдырдың ауыртпалығын көрмеген, жауапкершіліктің не екенін түсінбеген жанды емес, өмірден сабақ алған, бірақ жүрегі қатпаған адамды нәсіп ет.
Ойы терең, санасы биік, сөзі салмақты жігіт болсын. Дүниенің сыртқы жылтырына алданып кетпейтін, жүректің тазалығын, адамның қадірін түсінетін болсын. Көп сөйлемесе де, сөзі орынды, уәдесі берік болсын. Ашуын ақылына жеңдіріп, қиын сәтте қасымнан табылатын азамат болсын.
Ұзақта болса да, түзу жол жақсы. Кейде адам асығып, өз бақытына өзі қателесіп жетуге тырысады. Бірақ мені асығыстықтан, уақытша сезімнен, жалған махаббаттан сақта. Кешіксе де, маған қайырлы адамды жолықтыр. Қысқа уақытқа келіп, жүректі жаралап кететін сезімнен гөрі, ұзақ күтіп келсе де, баянды болған тағдырды нәсіп ет.
Маған жол түсіріп, шаңырақ көтерерде шын ниетпен келетін, үй қылмай тұрып үй ішінің қадірін білетін, ата-ананы сыйлайтын, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете алатын азаматты жолықтыр. Өз шаңырағына береке кіргізетін, жарының көңілін түсірмейтін, баласына әке бола алатын жан болсын.
Сүйікті әйелін сүйіктідей қадірлейтін, оның жанын түсінетін, көзіндегі мұңын сұрамай-ақ сезетін, қуанса бірге қуанып, қиналса жанынан табылатын азамат нәсіп ет. Махаббатты тек сөзбен емес, әрекетімен көрсететін болсын.
Мені өзіне ғана емес, ең алдымен Сенің разылығыңа жақындататын жан болсын.
1 886
Жарымның өміріндегі ең жақын, ең қымбат адамы болғым келеді.
Ол маған қараған сайын жүрегін ризашылық пен шүкіршілік кернеп, "Алла маған бұдан асқан бақ бере алмас еді" деп ойласа екен. Менің жанымда жүргенде өзге ешкімді іздемей, менің қасымнан жан тыныштығын, шынайы жылу мен түсіністікті тапса екен. Сырттағы сан түрлі уайым мен жауапкершіліктен шаршап келгенде, менің жаным оның дамылдайтын мекеніне айналса екен. Бір ауыз сөзім, бір күлкім, тіпті үнсіз қасында отырғанымның өзі көңіліне медет болып, жүрегіне тыныштық сыйласа екен.
Қуанышына ортақтасып, көңілі жабырқағанда қолынан ұстап, әр қадамына сеніммен демеу болғым келеді. Бір күні маған қарап: "Сенің дұғаң мен сенімің талай қиындықтан өтуіме себеп болды. Бүгінгі барымның ішінде сенің де үлесің бар"-деп шынайы ризашылығын білдірсе екен.
Мен тұрмысты мінсіз ертегі деп елестетпеймін. Әр шаңырақтың өз сынағы, әр отбасының өз қиындығы бар. Бірақ қандай жағдай болса да, бір-бірімізге қарсы емес, бір-біріміздің қасымызда болсақ екен. Реніш бізді алыстатпай, түсіністікке жетелесе; уақыт өткен сайын бір-бірімізді қайта таңдаудан жалықпасақ екен. Әйелдік болмысыммен оның өміріне жылу, шаңырағымызға береке, көңіліне медет сыйласам деймін. Ол менің жанымда өзін қадірлі әрі түсінілген адамдай сезінсе, ал мен оның қасында еркелеп, әлсіздігімді жасырмай, арқа сүйей алсам екен. Менің тілегім мінсіз өмір емес, берекелі өмір. Шүкіршілігі мол, түсінігі терең, махаббаты баянды, сынақ келгенде сабыры мен бірлігі сынбайтын отбасы.Жылдар өте келе бір-бірімізге қарап: "Алла бізді бір-бірімізге бекер қоспапты. Қандай күн көрсек те, қол ұстасып бірге өттік"- деп шүкіршілік етсек екен. Мен оның өміріне өткінші сезім емес, өмірлік тыныштық сыйласам; ол мен үшін сүйеніш, мен ол үшін жар әрі жан тыныштығы болсам екен. Сонда ғана өзімді бақытты сезінер едім.
1 886
Адамның ар-абыройы әлеуметтік желідегі пікірмен, тағылған рейтингпен, лайк пен қаралымның санымен өлшенетін дәуірде өмір сүріп жатырмыз. Цифрлық кеңістіктің таразысы кейде адамгершілік құндылықтардан да ауыр басып, адамның болмысын оның шынайы келбетімен емес, виртуалды бейнесімен бағалайтын жағдайға жеттік. Бүгінде көпшілік үшін бедел парақшадағы жазылушылар саны, абырой жұрттың пікіріндегі мақтау, ал қадір алгоритмдердің назарында қалу секілді түсінік қалыптасты. Бір сәттік теріс пікір, негізсіз айыптау немесе қолдан жасалған рейтинг кейде адамның жылдар бойы адал еңбегімен қалыптастырған абыройына дақ түсіріп жатады. Алайда көптің дауысы әрдайым ақиқаттың үні бола бермейді. Ар-абырой көзге көрінетін көрсеткіш емес, жүрекке орныққан қасиет іспетті. Ол адалдықпен шыңдалады, парасатпен биіктейді, сабырмен кемелденеді. Адамның шынайы бағасы оның жариялаған жазбасынан емес, айтқан сөзі мен атқарған ісінің үйлесімінен, қиындықтағы ұстанымынан, өзгеге жасаған жақсылығынан танылады.
Әлеуметтік желідегі атақ өткінші, көпшіліктің ықыласы құбылмалы. Ал адамдық қадір мен кіршіксіз абырой уақыттың тезіне төтеп беретін, ұрпақ жадында сақталатын мәңгілік құндылық. Сондықтан адам баласы өзгелердің уақытша бағасынан бұрын, өз ар-ұжданының алдында адал болуға ұмтылғаны абзал.
шынайы абыройды рейтинг емес, рухани биіктік пен өнегелі ғұмыр айқындайды.
1 886
Бала күніңде көрген тауқыметті балаң көрмесін деп тілейсің. Өзіңнің маңдайыңа тиген ащы сөз оның жүрегіне батпасын, өзің тартқан бейнет оның жолына көлденең түспесін деп, перзентіңе келгенде бар қаталдығыңды ұмытып, мейірімге айналасың.
Бірақ уақыт өте келе ене атанғанда, баяғы мейірімнің орнын "мен де көргенмін, бұл да көрсін" деген бір түсінік басып кететеді екен осы?
"Мен келін болып қызмет қылдым, бұл да қылсын. Мен үндемей шыдадым, бұл да шыдасын. Мен көргенді ол да көрсін" деген сөздің астарында қанша жылдық өкпе, қанша бітпеген жара жатыр десеңші…
Неге біз өзімізге жасалғанды кейінгіге жасауға сонша құмармыз? Бір кезде өзіміз аңсаған жылы сөзді неге келінге қимай қаламады? Өздері күткен түсіністікті неге одан күтеті де, өзідері оған көрсете алмай қалады?
Келін де бір шаңырақтың әлпештеп өсірген қызы. Бір үйдің төрінен аттап, бір әулеттің босағасын келін болып аттайды. Оның келгені бұрынғының есебін өтеу үшін емес, жаңа бір әулеттің берекесіне айналу үшін.
"Мен көргенді сен де көр" деп өткеннің жүгін арқалатқаннан гөрі, "мен көргенді сен көрме" деп сол жүкті өзіңмен бірге тоқтату үлкендік емес пе?
Өмірдің мәні көргеніңді қайталауда емес, көргеніңнен сабақ алып, өзіңнен кейінгіге жеңілірек жол қалдыруда шығар.
Балаңа тілемеген қиындығыңды келініңе де тілеме. Әрбірден келгенде, келін бөтен емес. Ол өз балаңның таңдаған жары, өз әулетіңе аманат болып келген біреудің аяулы қызы...
1 886
Жалғыз болу қиын. Жалғыздықты сезіну одан да қиын. Ал сол жалғыздықты жүрегіңде 20 жыл арқалап жүру адамға оңай емес. Кейде көп адамның ортасында жүрсең де, ішінде бір бос кеңістік болады. Ешкімге айта алмайтын сағыныш, ешкім толтыра алмайтын орын болады. Себебі бауырдың орны бөлек.
Сол үшін айтарым, қаны бір, жаны бір бауырларыңыздың қадірін біліңіздер. Бір үйде өскен, бір дастарханнан ас ішкен, балалық шағының куәсі болған адам өмірде ешкіммен алмастырылмайды. Әпке болып ақыл айтыңыздар. Аға болып қорған болыңыздар. Қарындас болып еркелеңіздер. Іні болып сыйлаңыздар. Бір-біріңізге жиі хабарласыңыздар. Жағдайын сұраңыздар. Құшақтаңыздар. Жақсы көретініңізді айтып отырыңыздар. Өмірдің күйбеңімен жүріп, "ертең айтамын", "кейін барамын", "уақыт табылады" деп жүрмеңіздер. Себебі уақыт ешкімді күтпейді. Кейбір өкініштердің орнын ештеңе толтыра алмайды.
Реніш болады. Келіспейтін сәттер де болады. Бірақ сол реніштің кесірінен араларыңыз суып кетпесін. Бөтен адамды табуға болады, ал туған бауырдың орнын ешкім баса алмайды.
Мен осыны жүрегіммен сезінген адаммын. Сондықтан айтып отырмын. Жалғыздықтың салмағын арқалап жүрген адам ғана бауырдың қадірін шын түсінеді. Бір туғаныңның бар екені Алланың үлкен нығметі. Сол нығметтің қадірін кеш болмай тұрғанда біліңіздер...)
1 886
Анамыз бен әйелімізді кедейліктен қорғайтын заманға келіп, анамызды әйелімізден қорғап жүрміз.
Үстемдігімізді білім, ғылым, талаппен көрсететін заманға келіп, үстемдігімізді ұрыс, соғып, зорлық деп дәлелдеп әлі жүрміз.
Бір ұлттың жауапкершілігін арқалайтын заманға келіп, бір қыздың еркелігін көтере алмай әлі жүрміз.
Әйел заты бір саты төмен тұрады деп көкірек ұратындардың қолдарында сатысы да, дәрежесі де жоқ заманда жүрміз.
Еркегі әйелін қоғамның сөзінен қорғайтын заманға келіп, қоғам болып әйелді еркегінен қорғайтын әдеттен әлі арыла алмай жүрміз.
Әйелін жоқшылықтан алып шығатын еркек болуға ұмтылатын заманға келіп, әйелдің тапқан табысын өз абыройына өлшем қылатын еркектерді әлі көріп жүрміз.
Ұлымызды намысты болсын деп тәрбиелейтін заманға келіп, намысты жұдырықпен шатастырып әлі жүрміз.
Қызымызды ибалы болсын деп тәрбиелейтін заманға келіп, ибаны үнсіздік, мойынсұнуды тәрбие деп әлі түсініп жүрміз.
Баласына «еркек бол» деп үйрететін әкелердің өздері ашуын басқара алмай, баласына еркектіктің ең жаман үлгісін көрсетіп әлі жүрміз.
Әйелдің қадірін білуді діннен, дәстүрден іздейтін заманға келіп, сол дін мен дәстүрдің әйелді аманат деп қарағанын ұмытып жүрміз.
Анаңды құрметте деп айтатын қоғам болып, біреудің анасын келін болғаны үшін кемсітіп жүрміз.
Қарындасымызға әлемнің барлық жамандығынан қорған болғымыз келіп, басқа біреудің қарындасына сол әлемнің өзі болып бара жатқанымызды байқамай жүрміз.
Қызымыздың болашағы жарқын болсын дейтін заманға келіп, біреудің қызын бүгінгі ашуымыздың құрбаны қылып әлі жүрміз.
Еркектің абыройы әйелінің қорқып отырғанынан емес, жанындағылардың өздерін қауіпсіз сезінгенінен көрінетін заманға келдік.
Бірақ біз әлі де еркекті қолындағы күшімен, дауысындағы зілімен, әйелінің үнсіздігімен өлшейтін ескі өлшемнен арыла алмай жүрміз.
Еркекке бір үйдің емес, бір әулеттің емес, бір ұлттың жауапкершілігін арқалайтын заман келді.Ал сол жауапкершілікті арқалайтын иық ең алдымен өз үйіндегі әйелге ауырлық емес, сүйеніш болуы керек.
Әйелін басындырған еркек үйін билеп отырған жоқ.Өзінің әлсіздігін әйелінен жасырып отыр. Ал әйелін қорқытумен ұстап отырған еркек отбасының басшысы емес.
Өз ашуының тұтқыны.
Нағыз еркектік әйелдің үнін өшіру емес, оның қасыңда еркін сөйлей алатындай сенім қалыптастыру.
Нағыз күш ашуланғанда қол көтеру емес, ашуыңды көтере білу.
Нағыз үстемдік біреуді басып тұру емес, өзіңді басқара білу.
Бір күні біз еркекті «кімнен күшті?» деп емес, «кімге сүйеніш болды?» деп бағалайтын қоғамға жетерміз.
Сол кезде еркектің дәрежесі әйелінің қаншалықты төмен тұрғанымен емес, жанындағы адамдардың қаншалықты биік тұрғанымен өлшенер.
-бірақ, қашан екен...💔
1 886
Болашақ жарым…
Мен мына сынаққа толы өмірден үміт жібімді үзуге таяп қалғанда,көктем болып сен келші.
Менің әлсіз,ешкімге көрсетпейтін өзге тұсымды тек сен көрші.
Мені тек сен еркелетіп,өзің демеу болшы. “Өзіңді қорға” деген заманда,сен келіп “Мен сені қорғаймын” деші.
Өзіңнің жұмсақ тұсыңды тек маған көрсетші. Уақытша дүниенің сынағына сынбай,мәңгілік тыныштық ұстасқан қолымызды жібермей,бірге жетуді мақсат етейікші…
-әмин🤍
