КӘСІПКЕРЛЕР ПАЛАТАСЫНДА БІЛІМ САЛАСЫ КЕҢЕСІНІҢ ЖИЫНЫ ӨТТІ
Шымкент қалалық кәсіпкерлер палатасында білім беру саласы кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. Жиынға кәсіпкерлер палатасы мен мемлекеттік органдардың басшылары, құзырлы орган жетекшілері мен тиісті басқарма мамандары, полиция және төтенше жағдай департаментінің өкілдері қатысты. Білім беру саласы кеңесінің төрағасы Мақсат Абдукаримовтың модераторлығымен өткен жиында мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында турникет орнату мен бейнебақылау жүйесін жедел басқару орталығына қосу, сонымен қоса жекеменшік мектептердегі оқушыларға мемлекет тарапынан қаржы бөлу мәселелері көтерілді.
«Қазақстандық үздіксіз білім беру қауымдастығы» жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар бірлестігі Шымкент қалалық филиалының директоры Диана Караманованың айтуынша, террористік тұрғыдан осал нысандардың терроризмге қарсы қорғалуын ұйымдастыруға қойылатын талаптарды орындау барысында кәсіпкерлерге қаржылай және бірқатар күрделіліктер туындауда. Нақты айтқанда ҚР Үкіметінің №305 Қаулысында мектепке дейінгі ұйымдарда турникет орнату керек деп көрсетілмеген.
Кәсіпкерлердің айтуынша, мектепке дейінгі ұйымдардың барлығында бірдей турникет орнату мүмкіндігі жоқ және бейнебақылау жүйелері шұғыл басқару орталықтарына қосылмаған. Бұл тұста қаланың шалғай аудандарындағы интернет сапасының төмендігі де кедергі келтіріп отыр.
Кәсіпкерлердің уәжін тыңдаған Шымкент қалалық білім басқармасының басшысы Нұргүл Шамшиева диалогқа ашық екенін білдірді.
Ал полиция өкілдері қаладағы білім беру нысандарының бейнекамераларын департаменттің жедел басқару орталығына қосу арнайы жабық интернет-каналдары арқылы жүзеге асырылу тиіс екенін айтты.
Күн тәртібінің екінші тақырыбы ретінде бастауыш сынып оқушыларының тамақтануына берілетін қаржы мәселесі де көтерілді. Қалалық білім басқармасының басшысы ата-аналарға үшінші тараптан бұғатталмайтын арнайы шот ашуға кеңес берді.