Үміт қаһарманы болайық
Әлем тұрақсыз. Ойды шашыратып, хаосқа себеп болатын дүниелер көп.
Адам қайталанбас болмысынан ауытқып кеткендей. Мұндай кезде адам келешекке алаңдаулы, болашағынан үмітсіз. Жүрек әлсіз, ақыл кедей, шабыт тұрақсыз…
Болмысынан алыстау – рухани дүниені дүр сілкіндірді. Әр адам жүрегіне нұр сәулелерін іздеуде.
Іші қуыс, бос қалған жүрекке ең қажеті – сенім мен үмітке толы бақытты өмір.
Үміт – ең алдымен сенімнің шуағы.
Сенімі бар адам үміт етеді. Үміті бар адамда да сенім болады. Осы себепті кәміл сенімнен шығатын биіктер басқа адамға мүмкін еместей көрінеді.
Шындығында, сенімге толы жүрекке
үміт, табандылық пен жігер кірсе, адами мүмкіндіктер шеңберінен асып түседі. Жүрекпен өмір сүрмейтіндер үшін мұндай деңгей әдеттен тыс боп көрінеді.
Әсіресе, адам таңдағанына үлкен сенім білдіріп һәм оған жүрегін салса, оның рухани әлемінде ешқашан үмітсіздік, пессимизм, қажу, күдер үзу болмайды.
Әр адам дүниеге келгенде үмітпен туылады. Адымдап үйреніп жүріп, қайта-қайта құлайды. Бірақ сонда да жүгіріп кетуден бүлдіршіннің үміті сөнбейді. Бізді үмітпен жаратқан. Осыған қарап, үміті үзілген адамды адам деп санай аламыз ба? Үмітсіз қоғам да сал, жансыз емес пе?
Үміт деген не? Үміт – өз жан дүниеңді ашудан және оның ішіндегі күшті сезінуден тұрады. Осы түйсік арқылы адам ғаламнан тыс Шексіз Құдіретпен байланысқа түсіп, бәріне жететін күш пен қуатқа ұласады.
Аспаны түнерген, жігері құм болған шақта Әзіреті Адам (ғ.с.) үміттеніп: «Мен өзіме зұлымдық жасадым...” - деді де, қайта көтерілді. Ал шайтан жүрегінен төгілген қан мен іріңнен түңіліп, ақыры салы суға кетті… Қазақта сол үшін
“үмітсіз – шайтан” дейді.
Әрбір жүректі адам үміт шырағымен бірге жүріп, тасқынды қарсы ала алды. Дауыл соқса да, толқынмен арпалысты. Біреулер үшін үміт – Ыбырай салған мектеп болды, біреулер үшін – Ахметтің әліппесі, ал басқалары үшін – Абайдың қара сөзі. Қай заманда да үміт қаһармандары – халықтың туы болды.
Егер Абай, Ыбырай, Ахметтер жарқын болашақтан үмітін үзгенде қазір не болар едік?
Ұзақ қашықтықты қысқартатын – үміт. Өліні тірілтетін, мүмкін еместі мүмкін ететін де – үміт. Нағыз жеңілгендер – үміт әлемінде жеңілгендер.
Нағыз ұтқандар – үміт әлемінде ұтқандар.
Жолға батыл, батыр боп аттанғанымен, сенім мен үміт әлсіздігінен жарты жолда қалып қойғандар бар. Кішкентай жер сілкінісі, уақытша дауыл немесе су тасқыны олардың қайраты мен ерік-жігерін шайып жіберді. Үмітті ту еткендерге жармасып, сосын олармен бірге үмітсіздік батпағына түсіп, суға батып бара жатқандардың ауыр хәлі жүректі сыздатады.
Шыдамдылық таныта алатын һәм еңсесі түспейтін, табандылық танытып, мойымайтын жолбасшыларға ел болып ризашылығымызды білдіреміз. Олар бізге нан, су, ауадай қажет.
Мыңдаған үміт бүршігі күлімдеп, мыңдаған жер астындағы дәндер жауған қарды күтетін мына күндерде үмітсіз жүректерге үміт тілейміз…
https://t.me/zhannur_talasbayeva