1 369
مشترکین
اطلاعاتی وجود ندارد24 ساعت
اطلاعاتی وجود ندارد7 روز
-530 روز
آرشیو پست ها
1 369
Шығармай тысқа тартып ұстадым,
Сезімнің ыстық шарпылыстарын,
Көрдім де сені, мойындап қалдым,
Бүкіл әлемдік тартылыс заңын.
Көр соқыр болдым, көрдім де сені,
Қаперге кірмей елдің де өсегі.
Өзімнен өзім күлемін кейде,
Сілкінген жердей жүрегім бейне.
Мына жұрт, мүлдем жайбарақат қой,
Сүймей-ақ өмір сүремін дей ме?
Себепсіз сағат санап қаламын,
Қалайша сенсіз тағат табамын.
Өзіңді ойлап, өзіме бойлап,
Таусылмас томдай парақталамын.
Қиялда бірге қонып ұшамыз,
Сабылысамыз, сағынысамыз.
Бары рас болса тартылыс заңы,
Түбінде біздер жолығысамыз.
Ұлықбек Есдәулет
1 369
Мен сүйсем, сүйемін,
Түндерді жарық қып,
Тілдерді ғаріп қып,
Сезімге қарық қып,
Ақшамда көкжиек
Қызылын қанық қып.
Мен сүйсем, сүйемін,
Көктемге гүл беріп,
Тотыдай түрленіп,
Уақыттай сүрленіп,
Тірліктің ең соңғы,
Деміне үлгеріп.
Мен сүйсем, сүйемін.
Дәуірді қалғытып,
Даланы шаңғытып,
Шашыма жан бітіп,
Өртімді өшірер,
Шілдеден қар күтіп…
Мен сүйсем сүйемін.
Түнекке тамсанып,
Жүрекпен жар салып,
Балықтар əн салып.
Ажалым келсе де
Күлімдеп қарсы алып.
Күнімен, түнімен,
Ғасырдың үнімен,
Арымның құнымен,
Мұсылман дінімен,
Мен сүйсем, осылай,
Сүйемін,
Шынымен!
Мөлдір Айтбай
1 369
Мықтымын ғой дегенмен
Қорғасындай бір салмақ кетер емес денемнен.
Басады кеп төбемнен. Қош айтысып өлеңмен,
Терезеге төнем де Алатауды көрем мен -
Басы қарға бөленген.
Бауыры көкке кенелген - Алатауды көрем мен.
(Қорғасындай бір салмақ арылмайды денемнен)
Мықтымын ғой тегінде!
Қорқытарың өлім бе, оранарым кебін бе?!
Түкірдім мен оларға!
Ей, жүрегім, жеңілме!
Ана тұрған көгінде - жұлдызың бар сенің де,
Басын иген өлімге, түкірдім мен өмірге!
Ей, жүрегім, жеңілме!
Ей, жүрегім, жеңілме.
...Мен несіне жерінем?!
Қорқатыным өлім бе?!
Қорықпай-ақ берілем
Өкінішті...
Амал не...
Өлмейтіндей келіп ем...
Мына жарық дүнием бірге туған менімен
Бірге өледі менімен!!!
Мұқағали Мақатаев
1 369
Еркелей қарап, елігім менің,
Ерніңді тостың… Ес кетті.
Елігіп едім, желігім жеңіп,
Әттең-ай, әттең не істетті?!
Ентігіп демің, дір етті ерін –
Ұлы сезімнің үрейі.
Ерінді сүю – жүректі өбу
екенін қайдан білейін.
Қаншалық жаның ұнатқан сайын,
Өзімді сонша жек көрдім.
Сезімің сұлу бүр атқан сайын,
Ішімнен қурап кеткенмін.
Кінәдан көңіл, күнәдан жаным,
Күйеді білем, күйсінші.
Сүймеймін енді, сұрама, жаным,
Шын сүйген ғана сүйсінші.
Ерлан Жүніс
1 369
Абай даңғылымен,
Жуынып сәуiрдiң жаңбырымен
Келе жаттық жыр оқып жiгiт пен қыз
Таза едiк қой күнәдан, күдiктен бiз
Тұманбайды сүйемiз екеумiз де,
Екеумiз де үкiлi үмiттермiз.
Әсем әнi, қылығы неге тұрады?!
Ару едi ол, жолында өлетiн-ақ.
Көп ұзамай тұрмысқа шығып кеттi,
Тұманбайды аяппын мен ақымақ.
Аяғам жоқ өзiмдi, жырды аядым
О, не деген қатал ед, гүл баяным.
Бiр бәйбiше жүр бүгiн Алматыда,
Сыры кетпес сынса да сырлы аяғым.
Бар мiнiмен, бар сәуле, бар мұңымен
Жастық бiзден алыста қалды бiлем.
Гүл шоғы, тал бүрiмен,
Таза ауа, таң нұрымен.
Сәуiрдiң жаңбырымен
Жуынып баяғыдай
Сендер қыдырыңдар ендi Абай даңғылымен
Мен демаламын.
Есенғали Раушанов
1 369
Сенесің бе?.. Көөп болды...
Жыламадым...
Тұңғиықта тыншыған тұма жаным.
тым биіктен үмітім құлағанын
аспан арлы кеудемнің асқақтығын
оспадарлау біреудің сынағанын
бәрін көрдім...
бәрібір жыламадым.
Сенесің бе?.. Көп болды...
Сағынбадым...
Шашып-төгіп жанымның лағылдарын
шағым қылып тауымның шағылғанын
көп ішінен талдырып жанарымды
біреуді іздеп бейуақ сабылмадым...
Сенесің бе?.. Көөп болды...
Адаспадым.
Күмәнмен де, күнәммен таласпадым.
Кей құрбының көңілі жарасқанын
Кей құрбының өтірік бал ашқанын
Күліп қана бойымнан аластадым.
Сенесің бе?.. Асқынды...
Мұңым, шерім,
Құлын жастық артына бұрылса еді...
Сенесің бе?.. Мен тағы толқу кештім
Көздеріңді көрдім де бүгін сенің...
Әлия Дәулетбаева
1 369
МЕНІҢ МУЗЫКАМ
Даусым жоқ,
Адамдаймын кінәлі шын.
Ішімде —
Жұбанышым,
Қуанышым.
Айтулы әнші емеспін,
Неткен жанмын?
Көкірегімнен
кетпейді сағынышы Шопеннің де!
Ұлының үні менде,
мұңы менде.
Қайтемін,
Өз бойымнан түңілем бе?
Тыңдаймын күнімен де,
түнімен де,
тынбайды құштарлығым мұнымен де!
Даусым жоқ,
Оған кімдер кінә қоймақ?
Ішімнен
күй туралы жүрем ойлап.
Наздансам,
Қосылады бір музыка.
Шығады, ашулансам,
біреуі ойнап!
Бірінің шыңы биік,
құзы төмен —
Қуансам,
құйылады қызық әуен.
Күресем
Қажырлы әннен
Қайрат алып,
Жылаймын
Ішімдегі
музыкамен.
Ұшатын —
өлең жазсам дәптеріме —
Әуен көп,
Солар көңіл кептері ме?
Барлық күй жазылғандай лайықталып
Құбылған менің құйын сәттеріме!
Содан ба екен —
Әуезді әнге толып тұрады ішім.
Жақсы әндер —
Жалғандағы жан құмары,
Жай даусым
Әнге салсам, қарлығады.
Ал бірақ онда не тұр!
Жүрегімде —
Халықтың барлық күйі,
барлық әні!
Тартылып,
бір күй бітсе,
Жаңа бір күй,
Тәтті әуен
өз жанымнан табам ылғи.
Жанымның түкпірінде
тұратындай
сызылтып скрипкасын Паганини.
Жүргендей
Сол бір ғашық көктемімде
Толамын
Сағыныш боп жеткен үнге.
Сезімім —
Симфония,
Өн бойымда
ойнайды
Өмір бойы
Бетховен де!
Ән маған,
Мен әндерге бөтенмін бе?
Ән іздеп
алаңдаймын өтер күнге.
Білмеймін,
Неткен жанмын?
Күләш Ахметова
1 369
Сосын күзді жақсы көремін. Ағаштың ұшар басынан жерге қалықтап келіп аяқ астына түсіп жатқан жапырақтар Тәңірінің бізге жіберетін тәубе-намасы секілді.
Ұнатам күзді
Жапырақтарды уақыттың алып ұшқаны,
Түскені жерге, сандалып сабылысқаны,
Қор болып қалды-ау сап-сары сағыныштары
Жұбатам күзді.
Бақта да сәнді,
Қыдырып аулақ ақылгөй, ақымақтардан
Бақыттырақпын деймін мен жапырақтардан
Әлі ешкім мендік көңілді қақырап қалған.
Таптамаған-ды
Дегенмен-дағы
Өмірдің соңы сап-сары бақ боларына
Тағдырдың ыстық отына апталарыма,
Жапырақ құсап бір күні тапталарына
Сенем мен тағы...
Жаңбырлап қал, күз,
Ортақтасқан-ды бақтардың сорына Ғалам,
Дірдектеп мен де көшкіннің жолына барам.
Жапырақтарды бүріскен қолыма алам:
— Тағдырластармыз...
Әділ Ботпан
1 369
Мен бәріне керексізбін,керекпін,
Керектігім керексізге қорекпін.
Мен- Махамбет болар едім,бірақта
Бөлекпін...
Бөлектігім тым қисынсыз түс көрем,
Түс көруге күнәм шығар күштеген.
Құдай жоқ деп айғайладым,қорықтым
Қорыққаннан У жоқ,сірә, ішпеген.
Қорыққанмын көшелерден қараңғы,
Қатын дедім қабақ шытқан ғаламды.
Жолыққанның жолын кестім,жарадым
Қолын кестім қол көтерген адамның.
Жер сұрады – жерге бердім,жерледім,
Ел сұрады – елге бердім,өлмедім.
Жалғыздыққа жалғыз бардым,жазғырды
Жауыздыққа жалғыз досым азғырды,
Ермедім...
Кездесуге асыққанмын Алламен,
Кімге жарық болған еді жалған өң?
Қорқау тірлік жабысқан жоқ балаққа,
Қорқақ қыртпен жабылмадым торға мен.
Өткеніме өткенім деп қараймын,
Сау күн іздеп арасынан әр айдың.
Ақынсың деп алдағанмын талайды,
Ақылды боп ішіп кеткем талай күн.
Ақымық қой,ақымақтан жерідім,
А,дариға!Ай,дариға, көңілім.
Аз бақытты аз уақытты кешірдім
Ақын болып кетемін деп ең үлы!
Сосын,сосын сүйгенім бар – Құландық,
Бойында оның бір қылық жоқ ұнарлық.
Біз бақытты бола алмаспыз,- деді де
Кетіп қалды еркіндігін сыңар ғып.
...Тізе берсем бола қоймас өлшемі,
Тізе берсем көтермеспін еңсені.
Шексіз мұңға алып кетем бір күні,
Шексіз бақыт құшағынан мен сені.
Шексіз сезім аралына мен сені...
Нұрболат Жолдасбек
1 369
Ерте ме, кеш пе, бәрі де аяқталады,
Аяқталады қайғың мен қасыреттерің.
Жалғаннан қашан көңілің тоят табады,
Өз ғұмырың ғой есепсіз шашу еткенің
Аяқталады бәрі де ерте ме, кеш пе,
Бүгінгі көрген қызық та аяқталады.
Бақытқа жету дегенің ертегі емес пе,
Уақытың құрғыр тықылдап таяп қалады
Ерте ме, кеш пе, бәрі де тәмамдалады,
Сүйсең де мейлің ғашық боп, сүймесең мейлің.
Алдамшы мынау дүниенің адам қонағы,
Қонақ та болса өмірді билесем дейді.
Тағдырына адам өзінің еркелемес пе,
Бірақ та тағдыр пендесін аяп қалмайды.
Аяқталады бәрі де ерте ме, кеш пе,
Арманың ғана ешқашан аяқталмайды.
Ұлықбек Есдәулет
1 369
Кір себет
Кір себетке бүгін тағы
бір күндік шаршауымды салдым:
баланың күн жеген киімі,
жұбайымның кірлеген жейдесі,
ал менің кимеген көйлегім.
Кей киімге – ас суын төккем,
Кейбірінде – көз жасы кепкен.
Кір себетім
күнде толып тұрады.
Ішінен иіс емес – реніш шығады.
Кірді жуу қандай оңай?
Көңілді тазарту қандай қиын?
Кір себетке бүгін тағы бір күнімді салдым,
Ішіне еңкейіп кешегі күнді іздедім...
Бармын.
Бармын.
Сандуғаш Серікқызы
1 369
Мені биге шақырасың ба?
Шақырасың ба...шығайын. Кішкентай кафе сахнасында Білдірмей сосын жылайын.
Жалғаннан жаным жеріп кеткенін Жанарым айтсын қаншалық! Құшағыма енші еріп кеп менің ...кішкентай кафе ән салып.
Тірі екенімді ұқтырып бір сәт Кеудеме әнтек құлашы. Тұра бермей бұл сезімді құрсап Саксофон дағы жыласын!
Өткенде мені от демің шарпып
Шат күйге еніп шырайым,
Кафенің ішін құс сынды қалқып Айналып бірге шығайын.
Өлтірмей мені қалған бағымның
Сезінген сол сәт салмағын,
Айтылмай қалған армандарымның Алақан айтсын қалғанын!
...айтшы, биге шақырасың ба?
Дәурен Берікқажыұлы
1 369
Ұмсынушы едім үздіге,
Күдерін сезім үзді ме.
Жоғалған күні үмітім
Жоғалтып алдым Сізді де.
Желегі үшып жетті күз,
Күз болып келіп өптіңіз.
Түнжырап әлем тұрғанда
Тұманға сіңіп кеттіңіз.
Тоқтатпақ едім…болмады,
Қайтқан құс сәлем жолдады.
Бір шөкім ғана сұр бұлт
Кеудеме келіп қонғаны.
Аспан, жер ұйып сәл мұңға,
Түнеріп бір сәт қалдым ба.
Не десем екен, білмеймін,
Сізді іздеп жүрген жаңбырға.
Сап-сары сағым, жүзді елес,
Ауады соған біздегі ес.
Сыздайды жүрек, іздейді,
Сізді емес, бірақ, Сізді емес.
Жоқ шығар бізге өкпеңіз,
Сіз үшін жасты төккеміз,
Ұмтылып жүріп бақытқа,
Ұмытып кетсем…сөкпеңіз.
Жанат Әскербекқызы
1 369
ЖОҒАЛТУ
Өзіңді сағынар сол бір
Кезімді жоғалтып алдым.
Дүниенің көзіндей мөлдір
Сезімді жоғалтып алдым,
Сорыма бастайтын жол бұл -
Төзімді жоғалтып алдым. Өзегелер білмесін, сен біл -
Өзімді жоғалтып алдым.
Сырымды көзімнен ұғар
Көзіңді жоғалтып алдым,
Жанымды нұр болып шылар
Сөзінді жоғалтып алдым,
Қылығым қалтқысыз ұғар
Кезіңді жоғалтып алдым.
Бұл да бір қасіретім шығар -
Өзіңді жоғалтып алдым…
Жанат Әскербекқызы
1 369
Түсімде көктемді көрдім,
Түс емес, өңім бе деймін!
Гүлденген бөктерді көрдім,
Бөктерім керім бе деймін.
Құстардың келгенін көрдім,
Құс емес, көңіл ме деймін,
Сұлу гүл тергенін көрдім,
Гүл емес, өмір ме деймін.
Нөсердің жауғанын көрдім,
Жауғаны – нұрым ба деймін,
Бұлттардың ауғанын көрдім,
Аунаған құлын ба деймін.
Әлдекім тосқанын көрдім,
Әлдекім өзің бе деймін,
Көктемнің аспанын көрдім,
Ол сенің көзің бе деймін.
Алқызыл шәлі жауып қыр,
Әлдекім жол қарап тұр.
Оянсам… қар жауып тұр…
Қар… борап тұр!
Ерлан Жүніс
1 369
Қалай тез өттi, зу еттi қалай ботам-ай
Кеп-кеше едi ғой бәрi де соның о, тоба-ай,
Ыңғайға бiрден құлай салатын боп барам,
Жылай салатын бол алдым тағы оп-оңай,
әжем секiлдi.
Жылай салам да жыртығым жаман бүтiндеп
Бүтiндемесем бүгiн өлердей күпiр боп
Ырым етемiн. Ырымым қырын кетедi
Қырын кетсе де сене беремiн шүкiр деп,
әжем секiлдi.
Байыз тапсамшы, шалабым бекер шайқамай,
Ескi дұғаны қайталай беремiн, қайталай.
Оқталып келiп тiрiлерге арнап айтпаққа
Өлгендерменен сөйлесiп кетем байқамай,
әжем секiлдi.
Бiлмеймiн, баста берместi неге сұрағам,
Жан-жағым түгел шытырман жолдар шұбаған.
Алысқа қарап отырам сосын күн салып
Келердей қайтып келмеске кеткен..... бiр адам ....
әжем секiлдi.
Есенғали Раушанов
1 369
Жұмыссыздықты жойдық!
Үйдiң iшi
Опыр да топыр маман!
Әйел де маман,
Бала да маман,
Қыз да, келiн де маман!
Қос-қостан институт бiтiре берген,
Дипломдары үйiлiп жатыр, сабан!..
Алайда, жағдайымыз мәз емес,
Жаман боп тұр, жаман!
Мамандардан бiр тиын кiрiс жоқ!
Кiрiс кiргiзердей ауылда
Бiр түйiр жұмыс жоқ.
Қысқасы, ұрыста тұрыс жоқ,
Жұмыссыздықпен күресу жайлы
Бағдарламаны лезде құрдық.
Құрдық та, мойнымызды
Мектепке қарай бұрдық.
Директорын үйге шақырып алып,
Ақшамен ұрдық кеп, ұрдық!
Әуелi қойнына ұрдық...
Сосын қонышына ұрдық...
Қалталарына түгелдей ұрдық...
Мес болған директорға
“Қайтер екен?” деп қарап тұрдық.
“Бұларың не?” дей берiп едi,
Аузына және ақшамен ұрдық.
“Құлдық! – дедi, – Ойбай, құлдық!”
Ұрған сайын ұға бердi, ұға бердi...
Әп-сәтте әйел де,
Қыз да,
Келiн де,
Мұғалiм боп шыға келдi!
“Ойбай, пара берiп жатыр!” деген
Анау-мынау әңгiменi қойыңыздар.
Әлi де екi отардай қойымыз бар.
Жұмыссыз жүрген ұлымызды
Прокуратураға қызметке
Кiргiзiп жiбермек ойымыз бар...
Қысқасы, нүкте қойдық.
Жұмыссыздықты осылай
Түп-тамырымен жойдық!
Алпысбай Боранбайұлы
