Қызыңызға қауіпсіздік жайлы не үйрету керек?
Қызыңызға зорлық-зомбылық жасаушылардың өзгелерден ерекше адамдар емес екенін түсіндіріңіз. Олар айналамыздағы кез келген адам болуы мүмкін. Тіпті өзіңіз танитын, сенімді адамдардың арасынан да: достарыңыздың достары, ата-аналардың таныстары боп кездесуі ықтимал. Сондықтан қызыңыз таныс адамдардың ортасында жүргенде де сақ болғаны жөн. Мүмкіндігінше, қайда және кімдермен бірге болатынын жақын адамдарының біріне алдын ала айтып қойғаны дұрыс. Бұл — қауіпсіздік үшін жасалған қарапайым сақтық шара.
Қызыңызбен алдын ала келісіп алыңыз: егер ол сізге арнайы бір SMS-хабарлама жіберсе, сіз бірден көмекке шығуыңыз керек. Бұл оның кез келген сәтте сізден көмек сұрай алатынына сенімділік береді.
Қызыңызбен жыныстық сипаттағы тиісулер туралы да ашық сөйлесіңіз. Өкінішке қарай, мұндай жағдайларға көп әйел тап болады. Сондықтан «
жоқ» деп анық, нық әрі дауыстап айта білу — аса маңызды дағды. Қыз балаларды кішкентайынан сыпайылыққа, үлкеннің сөзін тыңдауға тәрбиелейміз. Алайда өз шекарасын қорғау қажет болғанда, орынсыз әдептілік танытып, біреудің көңіліне қараудың қажеті жоқ екенін ұғындырыңыз.
Кейбір жігіттер қыздың келісімін алуды қайта-қайта үгіттеумен, қысым көрсетумен шатастыратынын айтыңыз. Егер біреу өз дегеніне көндіруге тырысып, еркінен тыс әрекет жасауға мәжбүрлесе, қызыңыз мына қағиданы ұстануы керек: «
Жоқ де. Кет. Біреуге айт».
Қызыңызды өктем сөйлейтін, өз пікірін ғана дұрыс санайтын, өзгелерге қысым көрсетуге бейім жігіттерден сақ болуға үйретіңіз. Әйелдерді кемсітіп, менсінбей сөйлейтін адамдарға да назар аударған жөн. Тіпті ондай жігіт қызыңызға: «Сен басқаларға ұқсамайсың» деп ерекше ықылас танытса да, оның өзге әйелдерге деген көзқарасын елеусіз қалдырмау керек.
Қызғанышты махаббаттың белгісі деп қабылдамауды да үйретіңіз. Шектен тыс қызғаныш кейде адамның өзіне сенімсіздігінен және өзгеге билік жүргізіп, оны бақылауға ұмтылуынан туындайды. Мұндай мінез-құлық кейін қарым-қатынаста қысым көрсетуге, тіпті отбасындағы озбырлыққа ұласуы мүмкін.
Мас күйдегі немесе өз әрекетін бақылай алмайтын адамдардың жанында да абай болу керектігін ескертіңіз.
Қызыңызбен өз сезіміне сену туралы сөйлесіңіз. Көптеген жасөспірім кештерде немесе көпшілік ортада өзін жайсыз сезінсе де, қатарластарынан бөлінгісі келмегендіктен, сол жерде қала береді. Өзгелерден қалмауға тырысып, ішкі түйсігінің ескертуін елемеуі мүмкін. Қызыңызға өзін жайсыз сезінген жағдайда сол ортадан кетіп қалуға толық хақысы бар екенін, ешкімге өз шешімін ақтап түсіндіруге міндетті емес екенін айтыңыз.
Қызыңызды өзін-өзі қорғау курстарына апарыңыз. Әйелдерге арналған өзін-өзі қорғау сабақтары немесе қоян-қолтық ұрыс түрі — крав-мага пайдалы болуы мүмкін. Күтпеген физикалық қысымға алғаш рет тап болған адам абдырап қалады. Сондықтан қиын жағдайда сасқалақтамай, тез бағдарлап, өзін қорғау жолдарын меңгеру артық болмайды.
Отбасылық психотерапевт Марина Травкова "Не аист, не капуста. Говорим с детьми про «это»" атты мақаласынан үзінді.
https://t.me/kzkitap