ТӘПСІРЛЕРДІҢ ТАҢДАУЛЫСЫ (صفوة التفاسير)
رفتن به کانال در Telegram
نمایش بیشتر
کشور مشخص نشده استدسته بندی مشخص نشده است
367
مشترکین
+124 ساعت
+47 روز
+730 روز
آرشیو پست ها
1️⃣6️⃣. «Олар тура жолдың орнына адасушылықты сатып алғандар. Бұл саудадан олар ешбір пайда таппады. Өйткені олар әубастан тура жолда болмаған еді».Өйткені олар дінді таңдамай, бүлікті, азғындықты, пұтқа табынушылықты таңдады. Адасуды сатып алып, тура жолдың құнын төледі. Бұл саудада олар табыс таба алмады. Себебі олар екі өмірінен де, яғни дүние мен ақыретінен айырылды. Сосын Алла Тағала олардың қаншалықты зинға ұшырағандарын мына екі мысалмен айқындап, баяндап береді. 2:16 https://t.me/tapsirlerdin_tandaulysy
1️⃣5️⃣. «Алла оларды мазаққа ұшыратып, азғындай түсулеріне мұрсат беріп, мақсатсыз, мәнсіз сандалтып қоюда».Алла оларға алдымен мұрсат беріп, артынан келемеждегендері үшін ғибрат болатындай етіп сазайын береді. Ибн Аббас былай дейді: «Алла оларды алда жазаландыру үшін келемеж етіп жүре тұруларына мұрсат береді». Құранда осыған қатысты былай делінген: «Оларға мұрсат беремін. Бірақ менің жазам өте ауыр болады»¹⁸. Ибн Кәсир де былай дейді: «Бұл Алла Тағаланың келемеж бен айлакерліктің жазаланатынын білдірген хабар. Яғни «Алла оларды келемеждеп» сөзімен, олар жасағандарына өздері лайық екендігін көрсетуде. Алдыңғы және осы аятта «келемеж» сөзі қолданғанымен, мағынасы әр түрлі. Тәпсіршілер Құрандағы ескертуді (сөздері бірдей, бірақ мағыналары басқа) осылай тәпсірлеген. Мысалы, «Бір жамандықтың өтеуі дәл сондай жаза», «Кімде-кім сендерге шабуылдаса, сендер де оларға шабуыл жасаңдар» деуде.¹⁹ Бұл жерде бірінші шабуыл – зұлымдық, ал екіншісі – әділдік. Мұрсат беру және оларды надандық пен күпірлік ішінде қоя беруі арқылы күмәндары мен адасқандықтарын арттыра түседі. Өйткені Алла олардың жүректерін мөрлеп, көздерін көр еткен. Сондықтан туралықты көре алмайды да, һидаятқа жете де алмайды.
📍¹⁸ "А'раф" сүресі, 183. 📍¹⁹ "Шура" сүресі, 40. «Бақара» сүресі, 194.2:15 https://t.me/tapsirlerdin_tandaulysy
1️⃣4️⃣. «Егер иманға келгендермен кездесе қалса «біз де иманға келдік», — дейді».Мұсылмандарды көре қалғанда мұнапықтық және рияшылдықтары үшін дәл солардай мұсылманша қылық көрсете қалады, дос бола кетеді.
«Ал шайтандарымен оңаша қалған кездерінде «Жоқ, сөзсіз біз сендермен біргеміз. Біз бар болғаны оларды мазақ етіп, келемеждеп қана жүрміз», — дейді».Ал адасқан мұнапық басшыларына және көсемдеріне барып, олармен оңаша қалғанда «Біз сіздердің діндеріңізді ұстанамыз. Сіздердей сенеміз. Біз оларға сырттай мұсылманша қылық көрсетіп, оларды келемеждеп жүрміз», – дейді. Алла Тағала оларға былайша жауап беруде: 2:14 https://t.me/tapsirlerdin_tandaulysy
1️⃣3️⃣. «Егер оларға ел ішінде иман келтірген адамдарға ұқсап иман келтіріңдер деп айтыла қалса, олар «мына иман келтірген ақымақтар секілді иман келтірейік пе?» – дейді».Мұнапықтар осы сөздерімен Сухайб Руми, Аммар ибн Ясир, Билал Хабаши және осыған ұқсас сахабаларды меңзеп, оларды мазақ қылған. «Иман келтірейік пе?» дегені осы келемежді білдіреді. Байдауи былай дейді: Мұнапықтар мұсылмандардың көзқарастарының жаңылыс екендігіне сенгендіктері немесе оларды менсінбегендіктері үшін оларды «ақымақ» деп атады. Өйткені мұсылмандардың басым көпшілігі кедей болатын. Сухайб және Билал секілді құлдар осы кедейлер арасында еді.
«Біліп қойыңдар, негізінде нағыз ақымақтар – солардың өздері. Әйткенмен, олар мұны да біле алмауда».Өйткені жалған жолда жүргендер жарымес, ақымақтардың нақ өзі. Бірақ олар надандық пен адасқандықтың ішінде жүргендіктерінен мүлдем хабарлары жоқ. Алланың осы сөзі олардың көр және туралықтан алыс екендігін ең шебер түрде айтқан. Өйткені олардың осы жағдайларын нақтылап айтып, ескертіп, жарыместердің нақ солар екендігін баса айтуда. Осыдан кейін олардың жасанды қылықтары мен екіжүзділігіне назар аударып былай дейді: 2:13 https://t.me/tapsirlerdin_tandaulysy
1️⃣2️⃣. «Әсте олай емес. Сөзсіз олар бұзақылардың нақ өзі. Алайда, олар оны сезе алмауда».Ей, адамдар! Абай болыңдар! Нағыз бұзғыншылар басқалары емес, осылардың өздері. Алайда, жүректерінен иман нұры өшірілгендіктен, олар оны сезіне алмауда. Бұл аятта адамның назарын аударатын «Әлә» және «иннә» сөздерімен бастаған. Сондай-ақ, баяндауыштың анықтық халде келуі және бастауыш пен баяндауыш арасында есімдіктің қосарланып келуі және олардың санасыздықтарын білдіру үшін «Алайда» сөзінің кіруі сөйлемнің мағынасын әсерелеп, күшейте түседі¹⁷.
📍¹⁷ Байдауи, 1/ 122:12 https://t.me/tapsirlerdin_tandaulysy
1️⃣1️⃣. Оларға «жер бетінде бұзақылық жасамаңдар» деп айтылса.Ибн Мәсғуд былай дейді: «Жер бетінде бүлік шығару - күпірлік және қарсылық ету деген сөз. Кімде-кім Аллаға қарсы шықса, онда оның жер бетінде бүлік шығарғаны».
«Біз бар болғаны бейбітшілік орнатып жүрген жандар ғанамыз» - дейді.Олар: «Қайдағы бүлік? Ол біздің ісіміз емес. Біз бар болғаны бұзылғанды дұрыстап, жақсылық, ізгілік жасаушымыз. Бізге бұлай қарауларың, мұндай сөз айтуларың жөнсіз» - деп, байбалам сала кетеді. Байдауи былай дейді: Олар жүректеріндегі дерттің кесірінен бұзықты түзік деп ойлайды. Алла мұндай адамдар турасында былай дейді: «Сондай жаман ісі өзіне әдемі көрсетіліп, оны жақсы көрген біреу (жақсымен тең бе?)»¹⁶. Сондықтан Алла олардың осы жауаптарын екі күшейтпелі шыраймен басталған сөзбен кайтарып, былай дейді:
📍¹⁶ "Фатир" сүресі, 8.2:11 https://t.me/tapsirlerdin_tandaulysy
1️⃣0️⃣. «Жүректерінде бір дерт бар».Олардың жүректерінде күмән мен мұнапықтық бар.
«Алла олардың дерттерін асқындыра түсуде».Алла олардың арамдықтары мен адасқандықтарын арттыра түссін. Бұл сөз дұға сөйлемі. Ибн Әшләм осы дерттің діни дерт екендігін, денедегі дерт еместігін айтып, былай дейді: «Мұнапықтық дерті адамдар арасында Ислам заманында шыққан бір күмән. Алла осы дертті жұқтырғандардың дерті мен күмәнін арттыра түседі»¹⁵.
«Олар әрқашан өтірік айтып жүргендері үшін жан шыдатпас азапқа лайық».Мұсылман болғандарын дәлелдеп бағып, сыртқа пайдалы сөздер айтып, Бірақ іштей Алланың аяттарын келемеждегені үшін оларға жан шыдатпас ауыр азап бар. Сосын Алла Тағала олардың осы жиіркенішті қылықтары мен жаман халдерін баяндап былай дейді:
📍¹⁵ Мухтасар Ибн Кәсир, 1/33.2:10 https://t.me/tapsirlerdin_tandaulysy
9️⃣. «Олар Алланы және иманға келгендерді алдамақ. Әйтсе де, олар өздерін ғана алдаумен әлек. Бірақ мұны сезе алмайды».Қанша іштей терістеп жоққа шығарып тұрса да, сырттай айлакерлік танытып, иман еткендей көрінуде. Сол надандық саналарымен Алланы алдағандарын және осы арқылы оның құзырында бір пайда табатынын және кейбір мұсылмандарды алдағандары тәрізді Алланы да алдай аламыз деп ойлайды. Алайда, олар Алланы алдай алмайтынын біле алмайды. Өйткені ешқандай нәрсе одан жасырын қалмайды. Ибн Кәсир былай дейді: «Мұнапықтық сырттай жақсы көрініп, іштей жамандықты жасыру деген сөз. Мұнапықтық ақидадағы мұнапықтық және амалдағы мұнапықтық болып екіге бөлінеді. Ақидалық жағына келсек, мұндай мұнапықтар мәңгілік тозақта қалады. Ал амал жағынан мұнапықтыққа келсек, бұл ең үлкен күнә болып саналады. Өйткені мұнапықтықтың сөзі ісіне, іші сыртымен сәйкес келмейді. Мұнапықтардың сипатын баяндайтын аяттар мәдиналық сүрелерде жиі кездеседі. Өйткені Меккеде мұнапықтық жоқ болатын. Есесіне айқын күпірлік бар еді».¹⁴
📍¹⁴ Мухтасар Ибн Кәсир, 1/33.2:9 https://t.me/tapsirlerdin_tandaulysy
8️⃣. «Адамдар арасында «Алла Тағалаға да, ақырет күніне де иман келтірдік» деп жүргендер бар».Олар тілдерімен Аллаға және оның пайғамбарына түскен аяттарды айқын растадық, сосын қайта тірілуге де иман еттік дейді.
«Алайда олар шын ниетімен, иманға келгендер емес».Олар осы сөздерді сенім мен растауға келмейтін сөздермен жеткізуде. Байдауи былай дейді: «Бұлар мұсылмандар мен кәпірлер арасында қалған үшінші топ. Бұлар жүрекпен сенбесе де, ауыздарымен «сендік» дейді. Кәпірлердің ең жаманы және Алланың ең қатты қаһарланған пенделері міне осылар. Өйткені олар айла мен келемеждеу арқылы күпірлігін жасырып, оны иманмен араластырған. Сол үшін де Алла Тағала олардың жамандықтары мен надандықтарын кең түрде ашықтап берді. Оларды өздерінің жасағандарымен келемеждеді. Олардың надандық пен азғындықтарын әшкере етті. Олар туралы мысал келтірді».¹³
📍¹³ Байдауи, Тәфсири, 1/11 б2:8 https://t.me/tapsirlerdin_tandaulysy
АЯТТЫҢ ТҮСУ СЕБЕБІИбн Аббастан былайша жеткен: «Бұл аяттар Абдулла ибн Убай ибн Сәлул, Муаттиб ибн Кушайр және Жид ибн Қайс тәрізді әһлі кітаптың мұнапықтары жайында түскен. Олар мұсылмандармен кездесе қалса иман еттім деп, растаған болып көріну үшін: «Біз Мұхаммедтің сипаттары мен ерекшеліктерін кітаптарымызда көрудеміз» дейтін.¹²
📍¹² Фахр-и Рази, Тәфсирул Кәбир, 6 б.https://t.me/tapsirlerdin_tandaulysy
ЛЕКСИКАЛЫҚ ТАЛДАУ
خَادِع1. [Хади’у] айла, тұзақ және рияшылдық мағыналарына келеді. Негізгі түбірі «жасыру» дегенді білдіреді. «Заман» пәлекет пен қайғы-қасіретті жасырғаны үшін оған да осы «хадиа» деген атау берілген.
مَرَضٌ2. [Марад] науқас, ауру деген сөз. Амандық, денсаулықтың антонимі. «Марад» не дененің ауруы тәрізді физикалық болады, не болмаса мұнапықтық, көре алмаушылық және рияшылдық тәрізді рухани болады. Ибн Фарис: «Адамдардың денсаулығын құртатын қандай да бір себепке немесе мұнапықтыққа, не болмаса қандай да бір нәрседегі кемістікке осы «марад» сөзі қолданылады» - деген.
لَا تُفْسِدُوا3. «Бүлік шығармаңдар». Бұл аяттағы «бүлік» араб тілінде «фәсад» деген сөз. Бұл туралықтан адасу, таю, бүлдіру деген туралық сөзінің антонимі.
السُّفَهَاء4. [Суфаха] сөзіне келсек, бұл «сәфих» сөзінің көпше түрі. «Сәфих» надан, тар ойлайтын және бір нәрседен қаншалықты зиян шегетінін, не болмаса пайда көретінін, біле алмайтын адамға айтылады. Сөздің түбірі жеңілдік дегенге саяды. Сипат ретінде осы «сәфих» сөзі ақылы азға айтылады. Тіл мамандары бұл сөздегі жеңілдікті ақылы аздығынан жеңілтектікке саяды.
طُغْيَان5. [Туғиян] деген сөз «шектен шығу» дегенді білдіреді. «Расында су тасыған кезде, сендерді кемеге отырғыздық» аятта да «туғиян» сөзі көтерілу және шегінен шығу дегенді білдірген. Бұл сөзден шыққан «Тағия» сөзі де қырсық, азғындық дегенді білдіреді.
السَّمَاء6. [Сәмә] сөзі сөздікте адамның төбесіндегі және оны көлеңкелейтін барлық нәрсеге айтылады. Үйдің төбесіне «сәмә» деп айтылуы да осыдан туған. Жауын аспаннан жауғаны үшін, жауынға да сәмә деп айтылады. https://t.me/tapsirlerdin_tandaulysy
БҰЛ АЯТТАРДЫҢ АЛДЫҢҒЫ АЯТТАРМЕН БАЙЛАНЫСЫАлла Тағала сүресінің басында алдымен мұсылмандардың, одан кейін кәпірлердің сипаттарын айтса, енді келесі аяттарда мұнафықтардың сипатын айтады. Бұлар үшінші қауымды құрайтын және күпірліктерін жасырып, сырттай мұсылман көрінгендер. Алла бұлардың болашақтағы қасіреттерінің үлкендігіне және зияндарының көптігіне назар аударту үшін бұл аяттарда ұзағынан тоқталған. Сондай-ақ, мұнафықтардың жағдайын тереңірек баяндап, рухтарындағы адасқандық пен қараңғылықтарын түсіндіру, әрі осылардың халдері арқылы болатын пәлекетті көрсету үшін екі мысал келтіреді. https://t.me/tapsirlerdin_tandaulysy
ШЕШЕНДІК ӨНЕР1. «Ал күпірлікте табандағандар болса, оларды ескерттің не, ескертпедің не бәрібір, олар иман келтірмейді» аятында хазіреті Пайғамбарымыздың (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) кәпірлердің иманға келуін күтпеуі айтылған. Бұл сөйлем олардың күпірлікте тым астамшылыққа барғандықтан, иманға келу деген қасиеттерінен мүлдем жұрдай болғандықтарына назар аудартады. 2. «Алла олардың жүректерін мөрледі» сөзінде де бір ғажайып сыр бар. Алла ақиқатты қабыл етпегендіктері үшін, жүректерін азаттыққа шақырған пайғамбарларын тыңдамағаны үшін құлақтарын, туралық нұрын көрмегендігі үшін көздерін жауып, өздеріне пайдалы болған қандай да бір нәрсенің кіруіне кедергі болатын бір жабумен бітеп, үстіне мөр басқан ыдысқа теңеді¹¹. Бұл теңеуді «истиара тасрихия» деп атайды.
📍¹¹ Әбу Хаууа. әл-Бахру Мухит. 1 т 51 б.https://t.me/tapsirlerdin_tandaulysy
7️⃣. «Алла олардың жүректеріне мөр басқан».Алла олардың жүректеріне мөр басқандықтан, олардың жүректеріне нұр кірмейтіні секілді иман нұры да әсте кірмейтін болады. Тәпсіршілер былай дейді: «Хатм» деген сөз «жауып, мөр басу» дегенді білдіреді. Ендеше, былай болмақ: Жүректеріндегі күнәлары көбейгенде, олардың парасаттылық нұры өшіп кетеді. Бұдан былай жүректеріне иман кіре алмайтыны секілді күпірлік те жүректерінен сыртқа қарай шыға алмайды. Алла Тағала былай дейді: «Есесіне күпірлігі үшін Алла сол жүректерге мөр басқан»¹⁰.
«Құлақтарына және көздеріне перде қойылған».Сондықтан туралық нұрын көре алмайды, ақиқатты есіте алмайды, ұғып түсіне алмайды. Өйткені олардың көздері мен құлақтары бейне бір қара перделермен жабылғандай. Сол себепті ақиқатты көріп, оған ілесе алмайды, есітіп оны ұға алмайды. Әбу Хайян былай дейді: «Алла олардың хақты естігісі келмегендіктері үшін құлақтарын, туралық нұрын көргісі келмегендіктері үшін көздерін перделермен жауып, өзіне пайдалы болған қандай да бір нәрсенің ішіне кіре алмау үшін пердемен жауып, бетіне мөр басылған ыдысқа ұқсатты. Яғни, осы мүшелердің сау болғандығына және ұғатын сана болғандығына қарамастан жақсылықты көру, есіту және оны қабыл ету қасиеттерінен мақрұм қылған.
«Олар үлкен азапқа лайық».Алланың аяттарын өтірік деп күпірлік еткендері үшін, оларға ақыретте жан төзгісіз мәңгілік азап бар. 2:7
📍¹⁰ Ниса, 155 аят; Мухтасар Ибн Кәсир, 7/32. Бәйрут, 1981.https://t.me/tapsirlerdin_tandaulysy
6️⃣. «Ал күпірлікте табандағандар болса».Әй, Мұхаммед! Алланың аяттарын теріске шығарған және сенің пайғамбарлығыңды өтірік деген әлгі кәпірлер бар емес пе, міне соларды
«оларды ескерттің не, ескертпедің не бәрібір».Оларды мың жерден ескерт, бәрібір дегеніңе сене қоймайды.
«Олар иман келтірмейді».Тектен текке иман етеді екен деп өзіңді шаршатпа. Бұл аятта қауымы оны өтірікке шығарғанына сабыр етіп, Пайғамбарын жұбату, көңілін тынышталдыру үшін айтылған сөз. Сосын Алла Тағала олардың иман етпеулерінің себебін былайша ашықтайды: 2:6 https://t.me/tapsirlerdin_tandaulysy
ЛЕКСИКАЛЫҚ ТАЛДАУ
كُفْر1. [Куфр] Күпір - сөздікте «нығметті жабу» дегенді білдіреді. Кәпірге нығметті мойындамай, оны жауып, жоққа шығарғаны үшін «кәпір» деп айтылған. Дәнді топыраққа көмгенге кәпір деп айтылуы да осы тұрғыдан. «Диханшылардың да қатты ұнатқан өсімдігі тәрізді» аятында да осы мағынада. Түн де қараңғылығымен барша нәрсені жапқаны үшін «кәпір» деп аталған.
تُنذِرْ2. [Тунзир] қорқытып хабар беру, ескерту деген сөз. Егер бұл хабарда қорқыту болмағанда, бұл сөз ескерту емес - жария ету, хабарлау болып қалар еді.
خَتَمَ3. [Хатәмә] сөзіне келсек ішіне бір нәрсе кіріп кетпес үшін жауып, үстіне мөр басу деген сөз. Кітапты хатым ету де, оны толықтай оқып шығып бітіргенді білдіреді. Сондықтан Құранды «хатым етті» деп айтады.
غِِشَاوَةٌ4. [Ғишауат] сөзіне келсек бұл сөз «перде» дегенге келеді. Арабтар бір нәрсенің үстін жапқанда «ғашшаһу» деп айтады. Қиямет мағынасына келетін «ғашия» сөзі де осы сөздің түбірінен шыққан. Ондағы мақсат - адамдарды қорқыту. https://t.me/tapsirlerdin_tandaulysy
КЕЛЕСІ АЯТТАРДЫҢ АЛДЫҢҒЫ АЯТТАРМЕН БАЙЛАНЫСЫАлла Тағала мұсылмандардың сипаттарын айтқан соң, екі сынып арасындағы айырмашылықты айқын көрсету үшін, келесі аяттарда кәпірлердің сипаттарын баяндайды. Негізінде жақсылар мен жамандарды салыстыру және бақыттылар мен бақытсыздар арасындағы айырмашылықты көрсету тұрғысында Құранның әдісі де міне осы. Өйткені заттар қарама-қайшылықтары арқылы білінеді. https://t.me/tapsirlerdin_tandaulysy
ШЕШЕНДІК ӨНЕРБұл қасиетті аяттар сөз өнері тұрғысынан түрлі ғажайыптарға ие. Мұны былайша қорытындылап айтуға болады. 1. «Тақуалар үшін тура жол» деген аятта ақыл тұрғысынан ауыспалы мағына бар. Өйткені бұл жерде тура жол деп Құранды айтқан. Ал бұл себеп тұрғысынан тура жол. Негізінде, туралыққа жеткізетін Алланың өзі. Сондықтан бұл жерде саналық тұрғыдан ауыспалы мағына бар. Мұны шешендік өнерде «мәжәз ақли» деп атайды. 2. Аятта «Анау кітап» деп айтылған. Мұнда Құранның ұлылығы мен мәртебесі үшін «бұл кітап» демей, «анау кітап» деп ұзақтықты білдіретін сілтеу сөзбен жеткізген. Осылайша Құранның рухани ұлықтығын, деңгейінің жоғарылығын материалдық ұзақтықпен салыстыру арқылы «анау кітап» деп бейнелеп айтқан. Бұл өнерді «муснаду илайһи билишарати» деп атаймыз. 3. «Міне, олар Раббыларынан келген тура жол үстінде. Сондай-ақ, шынайы табысқа жеткендер де міне осылар» аятында тақуалардың мәртебесінің биіктігін көрсету үшін «Міне солар» деп екі рет айтылған. Яғни, бейне бір «нағыз бақытқа жеткендер солардан басқа ешкім емес» деп тұрғандай⁹.
📍⁹ Мухтасар Ибн Кәсир, 30 б.https://t.me/tapsirlerdin_tandaulysy
5️⃣. «Міне, олар Раббыларынан келген тура жол үстінде. Сондай-ақ, шынайы табысқа жеткендер де міне осылар».Жоғарыда айтылған сипаттарға ие болғандар Алладан келген нұрлы тура жол үстінде. Міне солар нағыз «найым» жұмақтарында биік дәрежелерге қол жеткізгендер. 2:5 https://t.me/tapsirlerdin_tandaulysy
4️⃣. «Һәм олар саған түсірілгенге және сенен бұрынғы түсірілгенге де толық сенеді».Олар Алладан саған келген Құранға және сенен бұрынғы пайғамбарларға келген барлық хабарларға иман етеді. Алланың кітаптары мен пайғамбарларының арасын бөліп жармайды.
«Ақыретке де күмәнсіз сенеді».Олар осы дүниеден кейін келетін ақырет әлеміне, ондағы қайта тірілу, жаза, есеп, жұмақ, тозақ және таразыға кәміл сенеді. Ақырет осы дүниеден кейін келетін болғандықтан, ол ақырет (ақырғысы) деп аталған. 2:4 https://t.me/tapsirlerdin_tandaulysy
